«Бәйтерек» холдингін қолдау қазақстандық өндірушілерге экспортқа шығуға қалай көмектеседі | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

«Бәйтерек» холдингін қолдау қазақстандық өндірушілерге экспортқа шығуға қалай көмектеседі

Пандемия адамдардың қарапайым қозғалысынан бастап бизнес үдерістерді ілгерілетуге дейінгі кейбір шекараларды белгіледі. Бірақ қазақстандық кәсіпкерлер қол қусырып қарап отырғысы келмейді. Олар өз кәсіпорындарын дамытудың жаңа жолдарын іздеуге тырысады. Көпшілік жағдайда бұл жол шетелге жетелейді. Бірақ нарықты жалғыз өзі игеру оңай шаруа емес. Коммерциялық тәуекелдер де жоғары болады.

«Бәйтерек» холдингі қазақстандық өндірушілерге шетелге сатуды қауіпсіз және жайлы етуге көмектеседі. Атап айтқанда, қолайлы қолдау құралдары Холдингтің еншілес ұйымы - «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясында бар, ол ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылады. Оның үстіне, ол дәл осы шикізаттық емес экспортты қолдайды.

Компания жобаларының тізімінде «COOL INFINITY» сияқты бірегей өндірістер бар, олар бір жыл бұрын вагон-термостарды жинап, экспортқа шығара бастады.

«Олар тез бұзылатын өнімдерді - ет, жеміс-жидек, көкөніс тасымалдау үшін қажет. Изотермиялық вагон ұзақ уақыт бойы - шамамен 10 тәулік бойы қажетті температуралық режимді сақтай алады», - дейді кәсіпорынның бас директоры Валентин Каргин.

Бұл өндірістің бірегейлігі - ол ТМД аумағында бірінші және жалғыз. Мұндай вагондардың шығарылуы әлдеқашан күтілген. Теміржол жүк техникасының қолда бар паркі ескірген және қазіргі заманғы тасымал көлемімен жұмыс істей алмай отыр ғой. Сондықтан ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да біздің «термостарымызға» жол ашық. Бүгінде оларды Қазақстанда да, Ресейде де сатып алуда. Ай сайын солтүстікқазақстандық машина жасаушылар 20 вагон шығаруға дайын. Өндірушілердің пікірінше, осындай жоғары технологиялық жобаны одан әрі іске асыру және дамыту мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асырылды.

«2020 жылы біз KazakhExport-тың сақтандыру өтемімен 500 млн теңге мөлшерінде банк қарызын алдық. Инвестициялар изотермиялық вагондарды өндіру үшін шикізат пен материалдарды сатып алуға жұмсалды. Қазір кәсіпорын кеңейтілуде, біз құрал-жабдықтар сатып алуды, жаңа өнімдер шығаруды игеруді жоспарлап отырмыз. Сондықтан біз олардан көмек сұрап әлі тағы да жүгінеміз», - деп бөлісті Валентин Каргин.

Бүгінде KazakhExport - елдің экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі негізгі оператор. Бірақ «Бәйтерек» холдингінің құрамында экспорттаушыларды қолдаумен басқа еншілес ұйым да айналысады.

«Біз үшін маңызды миссия қазақстандық бизнестің экспорттық әлеуетін арттыру болып табылады. Бұл міндетті шешуге біздің еншілес ұйымдарымыз - Қазақстанның даму банкі мен KazakhExport жұмылдырылған. ҚДБ желісі бойынша 7 жыл ішінде жүзеге асырылған 66 инвестициялық жобаның экспорттық түсімі 4,1 трлн теңгені құрады», - деп хабарлады «Бәйтерек» холдингінің активтерді басқару департаментінің директоры Әлия Мурзағалиева.

KazakhExport-тың қол астында 18 қаржы құралы. Ең танымал бағыттардың бірі - қарыздарды, тіпті дебиторлық берешекті сақтандыру. Бұл қызметті Ақмола облысының тағы бір отандық кәсіпорны - «Новопэк» пайдалануды шешті, ол кез келген сусымалы жүктер үшін полимерлік қаптама шығарады.

«Біз қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру құралын пайдаландық, себебі біз төлемді кейінге қалдыра отырып, сатылған тауар қаражатының сақталуы мен қайтарылуына қорқамыз. Ресейдің нарығы өте бай, ал маржиналдық аса жоғары емес және біз бағамен бәсекелеспей, төлемді кейінге қалдыру түрінде қосымша қызмет көрсету стратегиясын таңдауды шештік», - деп түсіндірді «Новопэк» кәсіпорны директорының коммерция жөніндегі орынбасары Серік Керуенбаев.

Тауарға ақы төлеу шарттары бойынша тартымдылықтан басқа, қазақстандық кәсіпорынның өзге де көптеген бәсекелестік артықшылықтары бар. Олардың бірі - кең түржинағы. Мұнда вагон жапсырмаларын, биг-бэгтер мен қаптарды дайындаумен айналысады. Барлық өнім өндірісінде тек бастапқы полимерлік шикізат пен сапалы шетелдік қоспалар пайдаланылады. Ыдыс берік және ұзаққа жарамды болып шығады. Осының барлығы ТМД-да табысты сатуға әкелді.

«Қазір біз өнімімізді Ресей мен Қазақстанға ғана емес, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Армения, Украинаға да сатамыз. Болашақта Шығыс Еуропаға - Польшаға, Молдоваға, Румынияға экспортты игергіміз келеді», - дейді Серік Керуенбаев.

Бұл кәсіпорындардың бизнес-тарихы коммерциялық қауіпсіздікке кепілдік беретін серіктестің көмегі қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Соңғы үш жылда ғана KazakhExport экспорттаушыларды сақтандыру көлемін 3,4 есеге ұлғайтқанын айта кету керек.

«Осы компания арқылы өткен жылы 91 экспорттаушыға 134 млрд теңгеден астам сомаға сақтандыру қолдауын көрсетіп, 16,1 млрд теңгеге сауданы қаржыландыруды және 13,5 млрд теңгеге экспорт алдындағы қаржыландыруды жүзеге асырдық», - деп нақтылады Әлия Мырзағалиева.

Бизнес пен мемлекеттің бірігуі сөзбен емес, цифрмен өзінің тиімділігін дәлелдейді. Тек өткен жылдың өзінде ғана экспорттық келісімшарттар сомасы 588 млрд теңгені құрады. Мұндай үрдіс экспорттық нарықта өзіне лайықты орнын алу шынайы әрі оңай болатынын көрсетеді.

Дерекөз: https://time.kz/news/economics/2021/07/09/kak-podderzhka-holdinga-bajterek-pomogaet-kazahstanskim-proizvoditelyam-vyhodit-na-eksport