Көршілестік экспорт: Өзбекстанға жеткізуді арттыру Қазақстанға не үшін қажет? | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Көршілестік экспорт: Өзбекстанға жеткізуді арттыру Қазақстанға не үшін қажет?

Өзбекстан Қазақстан үшін жоғары экспорттық қызығушылық бар елдер санатына кіреді және өткізудің перспективалы нарығы болып табылады. Коронадағдарыстық 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанға тауар экспорты бойынша 10,5% - $2,1 млрд үлесімен ірі сауда серіктестерінің үштігіне енді, тіпті экспортты арттырды (салыстыру үшін 2019 жылы бұл көрсеткіш $1,9 млрд жетті).

Биылғы жылы да өсім күтілуде. Сонымен қатар, сарапшылардың болжамынша, орта мерзімді перспективада елдер арасындағы сауда-саттық шикізатты жеткізуге арналған мәмілелер саласынан түпкілікті өнім өндіру бойынша бірлескен кооперация саласына белсенді түрде ауысады.

Отандық тауарлардың Өзбекстан супермаркеттерінің сөрелеріне кіруіне қалай көмектесетіні, мемлекеттің қолдауы және екі елдің сауда қатынастарын нығайтудың жаңа перспективалары туралы біз «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Руслан Искаковпен әңгімелестік.

- Руслан Викторович, KazakhExport Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Өзбекстанға экспортты бірнеше жыл бойы дамытып келеді. Сіздердің Өзбекстан бағытындағы жұмыстарыңызда коронадағдарыс кезеңі әсер етті ме?

- Біздің сақтандырудың қолдауымен экспорттаушылар Өзбекстанға ұзақ жылдар бойы тауарлар мен қызметтерді жеткізіп келеді. Бұл өндірістің әралуан салаларының өнімдері: трансформаторлар, жылу оқшаулағыш плиталар және экструдирленген пенополистиролдан жасалған төбе плинтустары, кокс, минералды мақта, полиэтилен құбырлар, жиһаз, автокөліктер, газ және электр қазандықтары. Тамақ өнеркәсібі саласында - кондитерлік өнімдер, крахмалдық сірне, ірі қара малдың еті, күнбағыс майы, ұн және макарон өнімдері, сүт өнімдері.

2017 жылдан 2021 жылдың мамырына дейінгі кезеңде отандық өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының Өзбекстанға экспорттық келісімшарттарын қолдау бойынша қабылданған сақтандыру міндеттемелерінің көлемі 37,8 млрд теңгені құрады. Оның ішінде KazakhExport-тың сақтандыру қолдауының ең айтарлықтай көлемі өткен қоронадағдарыс жылына тиесілі - 26,9 млрд теңге, бұл 2019 жылмен салыстырғанда алты есе көп. Сонымен қатар, KazakhExport қолдау көрсеткен экспорттық келісімшарттардың сомасы 2020 жылы 87,3 млрд теңгеге жетті. 

- Қазір қандай жобалармен жұмыс істеп жатырсыздар? Көрші нарықта отандық өнімдерге, қызметтерге сұраныс сақтала ма?

- Әрине, сұраныс бар және ол өсуде. Сонымен қатар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың назары біртіндеп бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларға, халықаралық өндірістік кооперацияны дамытуға, мысалы, біздің елдеріміздің өзара тауар айналымының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін автоөнеркәсіп саласына қарай ауысуда.

Жақында біз Ташкент қаласында қазақстандық өндірушілердің, импорттаушы кәсіпорындардың және Өзбекстанның ірі қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен бірқатар жұмыс кездесулерін өткіздік.

Маңызды инфрақұрылымдық жобалардың құрылысына арналған $25 млн сомасына қазақстандық өндірістің цементі мен арматуралық прокатын республикаға жеткізу бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сондай-ақ, KazakhExport ҚР ірі құрылыс компанияларының біріне сақтандыру көмегін көрсетуде, ол қызмет көрсету географиясын кеңейту мақсатында Ташкентте түрлі объектілер салу жобасын жүзеге асыруда.

Ағымдағы жылдың екінші тоқсанының соңында біздің қолдауымызбен $10 млн сомаға тау-кен жұмыстарын жүргізуге, Өзбекстанның энергетикалық объектілерін жаңғыртуға, $20 млн сомаға инжинирингтік қызметтерді іске асыруға байланысты экспорттық байланыстарды жасасу және іске асыру жоспарлануда.  

- Сіз автоөнеркәсіп саласындағы жобаларды атап өттіңіз, бұл туралы толығырақ айтып берсеңіз.

- 2017 жылдан бастап біздің сақтандыру қолдауымызды ірі экспорттаушы - «СарыарқаАвтоПром» компаниясы - еліміздегі жеңіл автомобильдерді ұсақ тораптық құрастыруды іске қосқан алғашқы өндірістік алаң пайдаланады. Кәсіпорынның Ресейге, Беларусьқа, Өзбекстанға, Тәжікстанға және Қырғызстанға өнім жеткізу тәжірибесі бар, ол экспорттық сауданы қаржыландыру, экспорттық кредиттерді сақтандыру және кредитор алдындағы міндеттемелерді сақтандыру сияқты біздің құралдарды пайдаланады.

2017 жылдан бастап 2021 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңде KazakhExport экспорттық операциялар бойынша зауытты қолдау шеңберінде жалпы сомасы 18,8 млрд теңгеге міндеттемелер қабылдады. Қазақстандық автокөліктер Өзбекстанға, ал бірлесіп өндірілген қазақстандық-өзбекстандық Chevrolet - Ресей мен Беларуське сәтті экспортталуда.   

Сондай-ақ біз Алматыдағы жеңіл автомобильдер шығаратын жас және өте перспективалы кәсіпорынмен - Hyundai Trans Kazakhstan («Астана Моторс» еншілес кәсіпорны) белсенді жұмыс істейміз. Сәуір айында зауыт конвейерінен алғашқы ірі тораптық құрастыру көлігі шыққанына бір жыл толды. Ал өткен жылдың қазан айында толық циклді зауытта дәнекерлеу және бояу операцияларын қоса алғанда, ұсақ тораптық өндіріс желісі іске қосылды.

Hyundai Trans Kazakhstan ішкі және сыртқы нарықтарды толықтыруға бағытталған. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қазақстандық автокөліктерді көрші мемлекетке жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Біздің жұптас компания Қазақстан Даму Банкі Hyundai автокөліктерін Өзбекстанға жеткізетін зауыттың экспорт алдындағы операциясын қаржыландырды. Біз өз тарапымыздан 25 млрд теңге сомасындағы қарызды сақтандырдық, оның аясында осы жылдың басында Hyundai автокөліктерінің экспорттық жеткізілімі басталды және кәсіпорынның қуаттылығының артуына қарай олар тек қана өсетін болады.

- Сіздер Өзбекстанға экспорттайтын қазақстандық тамақ өнеркәсібінің өндірушілерін де белсенді қолдайсыздар ма?

- Бұл да перспективалы бағыт, біз «made in KZ» тауарларын өзбек сатып алушыларына танымал болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл үшін өткен айда KazakhExport Өзбекстанның MAKRO ірі сауда желісі мен отандық фуд және нон-фуд секторының өндірушілері арасында Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында бірқатар B2B-кездесулер ұйымдастырды.

Қазақстандық өндірушілер тарапынан барлығы 50-ден астам кәсіпорын шақырылды. Біздің ортақ мақсатымыз отандық өнімдерді Қазақстанның барлық өңірлерінен өзбек супермаркеттері желісінің сөрелеріне ілгерілету бойынша уағдаластықтарға қол жеткізу болды. 

Сауда желілерімен ынтымақтастық орнату әрдайым оңай емес. Өзбекстанда бұл қарқынды өсіп келе жатқан сегмент, сондықтан тұтынушылар қазақстандық тауарлар дәстүрлі түрде бар базарларда емес, супермаркеттерде сатып алуды артық көреді.

Бұл дайындық жұмысының заңды жалғасы бірнеше күн бұрын Ташкент қаласында өткен 20-шы мерейтойлық «Азық-түлік өнімдері, ингредиенттер және өндіріс технологиялары - 2021» көрмесі аясында біз ұйымдастырған кездесулер болды.

Жақында қазақстандық ұн, макарон, кондитерлік өнімдер және басқа да тауарлар сауда желісінің сөрелерінде үнемі болады деп үміттенеміз.   

Бұл бағытта біз экспорттаушылардың да, Өзбекстандағы біздің серіктестеріміздің де үлкен қызығушылық танытқанын көріп отырмыз.

- Сіздерге табыс тілейміз және сұхбатыңызға алғысымызды білдіреміз!

Анықтама:

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрылымына кіреді) - Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспортын ілгерілету жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымы. «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ миссиясы экономиканың басым секторларында шикізаттық емес тауарлар, жұмыстар, қызметтер экспортының өсуін қолдау және қазақстандық кәсіпорындарды қаржылық-сақтандыру және қаржылық емес қолдау практикасын қалыптастыру болып табылады.