Қазақстан Орталық Азиядағы көрші елдеріне экспортты қалай дамытуда және «KazakhExport» рөлі | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

Қазақстан Орталық Азиядағы көрші елдеріне экспортты қалай дамытуда және «KazakhExport» рөлі

Қазақстандық өнімді өткізу нарықтарының географиясын кеңейту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру - Қазақстан экономикасының басым міндеттерінің бірі. Атап айтқанда, Қазақстан шекара маңы саудасын дамытуға, сауда кедергілерін жоюға, «Ұлттық экспорттық стратегия» бағдарламасын іске асыру шеңберінде тауарлар мен қызметтерді өткізу еркіндігін қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөледі.

Қазақстан үшін Қырғызстан мен Өзбекстан экспорттық қызығушылық жоғары елдер санатына кіреді және олар Ресей мен Қытайдан жүк тасымалының көліктік қолжетімділігі өлшемдері, экспорт пен импорт көлемінің өсу болжамы бойынша кем түссе де, дегенмен, өткізудің перспективалы нарықтары болып табылады.

Бұл елдермен Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты жоспарлы түрде тереңдетіп, кеңейтіп, бірінші кезекте ірі инфрақұрылымдық жобаларға, өзара тауар айналымының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін халықаралық өндірістік кооперацияны дамытуға басымдық береді. Сарапшылардың болжамынша, орта мерзімді перспективада сауда шикізат жеткізуге арналған мәмілелер саласынан түпкілікті өнім өндіру бойынша бірлескен кооперация саласына белсенді түрде өзгереді.

Қырғызстан

Қазақстан сияқты Еуразиялық экономикалық одақтың толыққанды мүшесі болып табылатын Қырғызстанмен ҚР елдің ең тығыз қоныстанған өңірлері орналасқан оңтүстікте шекаралас. Соңғы жылдары Қазақстан мен Қырғызстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығы оң серпінмен сипатталады, алайда инвестициялық ынтымақтастық, өзара сауда құрылымын әртараптандыру және оның көлемін арттыру сияқты салаларда оны жандандыру үшін елеулі резервтер де бар.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының мәліметтері бойынша 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қырғызстан Қазақстанның негізгі сыртқы сауда серіктестері арасында тауар айналымы көлемі бойынша 18-ші орынды иеленді. Қырғыз Республикасына Қазақстанның тауар айналымының 0,9%, оның ішінде экспорттың 1,2% және импорттың 0,6% тиесілі. 2020 жылы екі елдің сауда көлемі қазақстандық статистиканың деректері бойынша шамамен 800 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстаннан экспорт - 564 млн, АҚШ доллары, импорт - 235 млн. АҚШ доллары. Осылайша, Қазақстан Қырғыз Республикасымен саудада 329 млн. АҚШ доллары мөлшерінде оң сальдосы бар.

2020 жылы екі елдің сыртқы сауда құрылымы негізінен аграрлық-шикізаттық сипатта болды. Қырғыз Республикасындағы қазақстандық экспорттың негізгі көлемі төрт тауарлық топпен қалыптасты: азық-түлік (30%), минералдық өнімдер (28%), химия өнеркәсібі өнімдері (13%) және машина жасау өнімдері (12%). 2020 жылы Қазақстанның Қырғызстанмен саудасы әлемдік дағдарыс пен коронавирус пандемиясының салдарынан 15,3%-ға қысқарды, оның ішінде экспорт 9,9%-ға, импорт 26%- ға төмендеді. Сонымен қатар, бұл динамика Қазақстанның Қырғыз Республикасымен сауда қатынастарының ерекшелігі болып табылмайды, осыған ұқсас үрдістер тұтастай алғанда елдің сыртқы саудасында байқалды. Оның үстіне, Қырғызстанмен сауда Қазақстанның жиынтық сыртқы сауда айналымына қарағанда аз қысқарды.

Бұдан басқа, негізгі көлемі Қазақстанға тиесілі өзара инвестициялар ерекше назар аударады. Соңғы жылдары Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы инвестициялық белсенділігі өсуде - 2019 жылғы көрсеткіш соңғы 15 жылда Қазақстаннан осы елге тікелей инвестициялардың жалпы ағынының орташа көлемінен екі еседен асып түсті (57 млн. АҚШ доллары).

«KazakhExport» өңдеуші сектордың экспорттаушы кәсіпорындары мен екінші деңгейдегі банктерге сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелінен сақтандыруды ұсынатын және экспорттық мәмілелердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін экспорттық-кредиттік агенттіктің функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жалғыз мамандандырылған сақтандыру ұйымы - даму институты бола отырып, Қырғызстан астанасы - Бішкек қаласында 2019 жылғы желтоқсанда шетелдік өкілдің кеңсесін ашты.

Алайда, Қырғызстанға экспорттайтын қазақстандық кәсіпорындардың сақтандыру қолдауы бұрын да болған. 2017 жылдан бастап «KazakhExport» қолдау көрсетілген кәсіпорындардың қатарында Қырғыз Республикасына трансформаторлар, ПВХ терезе профильдері, май өнімдері, дәрі-дәрмектер, кілемдер, кондитерлік өнімдер, макарондар мен ұн, сабын және жуғыш, тазалағыш және жылтыратқыш заттар экспорттайтын өндірушілер бар.

Төрт жылдық кезеңде Қырғызстанға экспортпен қолдау тапқан жобалар бойынша қабылданған «KazakhExport» міндеттемелерінің жалпы көлемі 40 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл ретте өткен жылы ол 2,3 млн. АҚШ долларына жетті, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңінен 1,6 есе аз. Бұған коронавирустық инфекция пандемиясы ғана емес, сондай-ақ 2020 жылдың күзінде Қырғызстанда қалыптасқан, қазақстандық экспорттаушылар үшін әртүрлі тәуекелдер ықтималдығын автоматты түрде арттырған тұрақсыз саяси ахуал да объективті түрде әсер етті.

Өзбекстан

Өзбекстан да Қазақстан үшін өңірдегі стратегиялық маңызды сауда серіктесі болып табылады. 2020 жылы елдер арасындағы өзара тауар айналымын 5 млрд. АҚШ долларына жеткізу жоспарланған болатын, бірақ пандемияға байланысты көрсеткіштер едәуір төмендеді. Дегенмен, Қазақстан 10,5% (2,1 млрд, АҚШ доллары) үлесімен Өзбекстанға тауар экспорты бойынша ірі сауда серіктестерінің үштігіне кірді және тіпті экспортты арттырды (салыстыру үшін 2019 жылы бұл көрсеткіш 1,9 млрд. АҚШ долларына жетті).

Негізінен 2020 жылы екі елдің сыртқы сауда құрылымы аграрлықшикізаттық сипатқа ие болды. Алайда, Қазақстаннан экспортқа өңдеуші өнеркәсіп секторының өнімдері елеулі үлес қосты: алюминий және одан жасалған бұйымдар (124 млн. АҚШ доллары), автомобильдер мен жинақтауыштар (119 млн. АҚШ доллары), ұн тарту-жарма өнеркәсібінің өнімдері (93 млн. АҚШ доллары), майлар және жануар немесе өсімдік текстес майлар (60 млн. АҚШ доллары) және басқалар.

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы «KazakhExport» компаниясының шетелдік өкілінің кеңсесі 2019 жылдың наурыз айында өз жұмысын бастады. Төрт жыл ішінде компания Өзбекстанға 80 млн. АҚШ доллары мөлшерінде экспорттаған қазақстандық кәсіпорындарға қолдау көрсетті. Оның ішінде сақтандыру қолдауының ең айтарлықтай көлемі өткен жылға тиесілі - 64 млн. АҚШ доллары, бұл 2019 жылғы ұқсас көрсеткіштен алты есе көп.

Өндіруші-экспорттаушылар KazakhExport қолдауымен трансформаторларды, кондитерлік өнімдерді, крахмал сірнесін, жылу оқшаулағыш плиталар мен экструдирленген пенополистиролдан жасалған төбе плинтустарын, ірі қара малдың етін, кокс, минералды мақта, арматуралық прокат, цемент, полимерлік және кабель өнімдерін, күнбағыс майын, жартылай сульфидті герметик, полиэтилен құбырлар, жиһаз, ұн және макарон өнімлерін, құбырлар, сүт өнімдерін, автомобильдер, газ және электр қазандықтарын шетелге сатты, логистика және құрылыс қызметтерін жүзеге асырды. Тек 2020 жылы қолдау көрсетілген экспорттық келісімшарттардың сомасы 208 млн. АҚШ долларына жетті.

«KazakhExport» қазақстандық машина жасауды дамытуды белсенді қолдайды. 2020 жылдың басынан бастап компания Өзбекстанға отандық «СарыарқаАвтоПром» ЖШС автомобиль жасау кәсіпорнының алаңында «Узавтосаноат» АҚ-мен бірлесіп шығарылған 16,5 млн. АҚШ доллары сомасына 1 064 JAC маркалы автокөлікті жеткізуге аккредитивті қаржыландырды. 2019 жылдың төртінші тоқсанында экспорттық несиелерді сақтандыру сияқты компанияның құралының көмегімен Ресей Федерациясына 3,4 млн.АҚШ доллары сомасына қазақстан-өзбекстан өндірісінің Ravon Nexia R3 маркалы 400 автомобилін жеткізу жөніндегі мәміле іске асырылды. Автомобильдерді құрастыру Қостанай автомобиль зауытында да жүзеге асырылды.

Мұндай нәтижелер, оның ішінде KazakhExport-тың Өзбекстанның түрлі даму институттарымен және қаржы ұйымдарымен тығыз ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды. Компания импорттаушыларға кредиттік тәуекел бойынша өзінің сақтандыру қорғауын ұсына отырып, қазақстандық тауарларды сатып алу үшін жергілікті банктерден экспорттық сауда қаржыландыруын тарта алады. 2019 жылы KazakhExport Өзбекстан Республикасында бірқатар банктермен серіктестік орнатты, оның ішінде «Ипотека банк» АКБ, «Turon bank» АКБ, «Tenge bank» АКБ, «Aloqabank» АКБ, «Qishloqqurilish Bank» АКБ және басқалар.

2021 жылдың басында KazakhExport Басқарма төрағасының сапары барысында Өзбекстанға отандық қара металлургия мен ұн кәсіпорындарының өнімдерін жеткізуді қаржыландыру бойынша «Ипак Йули Банк» АИКБ»-мен келісімге, Қазақстанның Ақтөбе облысында орналасқан ет кластері өнімдерін Өзбекстанға экспорттық жеткізу жобасын іске асыру бойынша «Азия Альянс Банк» АКБ-мен келісімге қол қойылды.

Тәжікстан

Тәжікстан - өткізу нарығының шектеулі болуына байланысты Қазақстандық өндірушілер үшін орташа экспорттық мүдде бар ел. Дегенмен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ҚР-дан Тәжікстанға экспорт 693 млн. АҚШ долларын құрады. Экспорт құрылымында астық, отын, металдар басым болды. Өңдеуші сектор негізінен ұн тарту-жарма өнеркәсібінің өнімдерін, майлар мен жануарлардан немесе өсімден алынған майларды, электр машиналары мен жабдықтарды ұсынды.

2019 жылдың мамыр айында Душанбе қаласында Тәжікстан Республикасындағы KazakhExport компаниясының шетелдік өкілінің кеңсесі ашылды. Оның мақсаты бизнесқоғамдастықпен байланыс орнату, кәсіпкерлер мен қаржы құрылымдарын KazakhExport құралдары туралы ақпараттандыру, экспорттаушыларға екі елдің тауар айналымын ұлғайту үшін түрлі кедергілерді еңсеруге көмектесу болды.

Ең ірі кейстердің қатарында – «Сомон Эйр» ЖШС авиакомпаниясы үшін «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС-нің Н125 Airbus Helicopters маркалы тікұшағының экспортын қаржыландыруды ұйымдастыру. Аталған жоба аясында KazakhExport компанияға ірі серіктес банк «Ориёнбанк» ААҚ-мен бірлесіп экспорттық-сауда қаржыландыруын ұсынды. Бұдан басқа, «TALCO MANAGEMENT LIMITED» ірі тәжікстандық импорттаушы үшін химия және құрылыс салаларындағы өнімдерді жеткізу бойынша бар ірі жобалар KazakhExport сақтандыру өтемімен іске асырылды.

Тұтастай алғанда, 2017 жылдан бастап экспорттық келісімшарттар бойынша қабылданған «KazakhExport» сақтандыру міндеттемелерінің көлемі 19,2 млн. АҚШ долларын құрады. Қазақстандық май өнімдері, кондитерлік өнімдер, лак-бояу материалдары, автомобильдер, арматуралық прокат, мұнай коксы, минералды тыңайтқыштар, отқа төзімді өнімдер жеткізілімі сақтандырылды. Компания түрлі мемлекеттік құрылымдармен және қаржы институттарымен ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Бүгінгі таңда компанияның серіктестерінің қатарына Тәжікстанның барлық ірі банктері кіреді, мысалы: «Ориенбанк» АҚ, «Амонатбонк» ТРМСБ, «Банк Эсхата» ЖАҚ, «Тәжікстан Халықаралық Банкі» ЖАҚ, «Спитамен Банк» ЖАҚ, «Тәжікстан Коммерциялық банкі» ААҚ. Сондай-ақ «Бима» СҰ ЖШҚ және Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Экспорт агенттігімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Болашаққа перспективалар

2021 жылдың басында ҚР Президенті Сауда және интеграция министрлігінің алдына ұлттық тауар өткізу жүйесін құру, нарықты отандық өнімдермен толықтыру үшін жағдай жасау және осы секторды орнықты дамыту жөніндегі жұмыстарды сапалы жеделдету міндетін қойды. Жүйе Өзбекстандағы, Қырғызстандағы, Тәжікстандағы және Ресейдегі көтерме-тарату орталықтарының желісінен тұратын еуразиялық тауар өткізу желісінің негізіне айналуы тиіс. Атап айтқанда, отандық өнімдерді өткізу нарығын кеңейту және ЕАЭО және үшінші елдермен кооперациялық жобаларға қатысу тұрғысынан Қазақстанның сауда-логистикалық әлеуетін нығайту бойынша шаралар қабылдау қажет. Осыған байланысты ҚР СИМ ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылатын «KazakhExport» компаниясы сақтандыру қолдау құралдарын жетілдіру, компанияның шетелдік өкілдері қатысатын елдердегі импорттаушылармен байланысты нығайту, шикізаттық емес экспорт өнімдерін шетелге ілгерлету жөніндегі жұмысты жалғастырады.