Қазақстан автомобильдер экспортын арттыруда | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

Қазақстан автомобильдер экспортын арттыруда

Экспорттың жалпы төмендеуіне қарамастан, отандық автокөліктерді жеткізу өсуде

2020 жыл коронавирус пандемиясынан және онымен байланысты карантиндік шектеулерден туындаған экономиканың жаһандық бәсеңдеуінен күрделі болды. Шикізатқа сұраныстың төмендеуінен Қазақстанның экспорты тұтастай алғанда құлдырауды көрсетті, бірақ өңдеу өнеркәсібі кері үрдісті көрсетті.

Жақсы жаңалықтар да бар

Пандемияның салдары қазақстандық экспортқа айтарлықтай әсер етті. Егер 2019 жылы Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл көрсеткіш шамамен $58 млрд құраса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша $47 млрд-тан сәл кем болған. Бұл Қазақстанның серіктес елдерінде оған сұраныстың төмендеуіне байланысты шикізаттың шетелге жеткізілімінің азаюы және тауарларға бағаның төмендеуі себебінен болды.

Дегенмен, машина жасау саласының отандық компаниялары экспортты арттыра алды. Мысалы, ресми статистика бойынша, егер 2019 жылы қазақстандық автоөндірушілер шетелге $56,2 млн құрайтын 2,85 мың жеңіл көлік құралын жіберсе, 2020 жылы тиісінше көлемін 7 мыңнан асырып, $130,74 млн-ға дейін өсіре алды.

«ҚазАвтоПром» салалық кәсіпорындар одағы басқарма төрағасының орынбасары Артур Мискарян қазақстандық автокөліктердің ішкі және сыртқы бағыттарда сатылуының артқанын атап өтті.

«Соңғы жылдары Қазақстанда жаңа автокөліктердің сатылымы артып келеді және бұл көбінесе жергілікті өндірістің техникасына деген сұраныстың арқасында болып отыр. Өткен жылы пандемияның барлық шығындарына қарамастан, нарық 25%-ға өсті - шамамен 90 мың жаңа автомобиль сатылды», - деді ол.

Бұл ретте сатып алушылардың 71,3% жергілікті өндірістің техникасын таңдады. Бұл, Артур Мискарянның пікірінше, сатып алушылар қазақстандық автокөліктерге қатысты ескі ұғымға сенбейді дегенді білдіреді.

«2017 жылы қазақстандық автоөндірушілерде көрші елдерге автомобиль жеткізу тәжірибесі пайда болды. Бүгінде біз отандық өндірушілердің өнімдері шетелде де сұранысқа ие бола алатынын көріп отырмыз. Әрине, өндірушілердің негізгі міндеті - әсіресе автопарктің жай-күйі мен автомобильдену деңгейін ескерсек, үй нарығында орнығу. Алайда экспорттық жеткізілімдерді ұлғайту мүлдем өзгеше деңгейдегі перспективаларды ашады», - деп баса айтты «ҚазАвтоПром» басшысының орынбасары.

Жеткізілімдерді ұлғайту

Қазақстаннан автомобильдерді экспорттық жеткізуде Алматыдан Hyundai Trans Kazakhstan және Қостанайдан «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорындары өз орнын алып отыр.

Hyundai Trans Kazakhstan - бұл «Астана Моторс» еншілес кәсіпорны. Компанияның сайтында айтылғандай, жаңа өндіріс - «отандық автоөнеркәсіпті дамыту үшін қазақстандық нарықты жаңа автокөліктермен толықтыруға және олардың ТМД елдеріне экспортын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін стратегиялық нысан».

Зауыт жақында ғана іске қосылды. 2019 жылдың 21 сәуірінде болашақ кәсіпорынның негізіне «капсуланы» салу рәсімі өтті. Арада бір жыл өткен соң - 2020 жылдың сәуір айында конвейерден ірі тораптық құрастырудың алғашқы автомобилі шықты.

Өткен жылдың күзінде дәнекерлеу және бояу операцияларын қоса алғанда, ұсақ тораптық құрастыру желісі іске қосылды. Зауыттың қуаты - бірінші кезеңде 30 мың бірлік, екінші кезеңде жылына 45 мың бірлікке дейін. Өнімдер желісіне Hyundai автомобилінің Accent, Elantra, Sonata, Creta, Tucson және Santa Fe модельдері кіреді.

Өндіріске салынған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 28 млрд теңгені құрады, оның 30% - «Астана Моторс» компаниясының меншікті қаражаты және 70% - Қазақстанның Даму банкі мен «ҚДБ-Лизинг» қарыз қаражаты. Болашақта шығарылатын көліктегі оқшаулаудың 51%-дан асуы үшін автокомпоненттер зауытын салу жоспарлануда.

Кәсіпорын ішкі және сыртқы нарықтарды толтыруға бағытталған. Қазақстанның Даму банкі Hyundai Trans Kazakhstan Өзбекстанға Hyundai автомобильдерін жеткізу үшін экспорт алдындағы операциясын қаржыландырды. 15 млрд теңгенің жаңартылатын кредит желісі KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы) тарапынан қарызды сақтандырумен 36 айға 6,9 млрд теңгеге берілді.

Қазақстандық автомобильдерді Өзбекстанға жеткізу жөніндегі уағдаластықтарға Қазақстан үкіметінің қолдауымен қол жеткізілді. 2021 жылдың басынан бастап көрші мемлекетке Hyundai Accent автокөліктерін жеткізе бастады. Кәсіпорынның қуаттылығының өсуіне қарай жеткізу тек өсетін болады.

Тағы бір ірі экспорттаушы - «СарыарқаАвтоПром» компаниясының Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Тәжікстанға өнім жеткізу тәжірибесі бар. Бұл еліміздегі жеңіл көліктерді ұсақ тораптық құрастыруды іске қосқан алғашқы өндірістік алаң.

Қостанайда орналасқан өндіруші Peugeot, JAC, Chevrolet, RAVON және UAZ брендтерінің жеңіл автомобильдерін шығарады. 2020 жылдың қараша айында кәсіпорынның конвейерінен жүз мыңыншы автомобиль шықты. Ол кроссовер JAC S3 болды. Дәл осы автокөлікті Душанбенің таксомоторлық паркін жаңарту үшін 2017 жылы «СарыарқаАвтоПром» Тәжікстан астанасына KazakhExport-тың қолдауымен жеткізе бастады.

«СарыарқаАвтоПром» Қазақстанда ғана емес, шетелде де автокөлік сатады. Мұны кәсіпорын KazakhExport компаниясының экспорттық сауданы қаржыландыру, экспорттық кредиттерді сақтандыру және кіріс қайта сақтандыру сияқты құралдарының көмегімен жасайды.

Кәсіпорын KazakhExport-пен өз ынтымақтастығын 2017 жылы бастады. Сол кезде KazakhExport құралдарының көмегімен Тәжікстанға автомобильдер жеткізілді. Одан кейін Ресейге, Өзбекстанға автомобильдерді экспорттау бойынша бірлескен жобалар болды. Өткен жылы жаңа экспорттық бағыт Беларусь болды.

Ағымдағы жылдың басынан бері KazakhExport компаниясы 10 млрд теңгенің экспорттық келісімшарттарын орындау үшін «Сарыарқа АвтоПром» компаниясының кредиторлар алдындағы міндеттемелерін сақтандырды.

Әлеуеті зор

Қазақстандық автокөліктерді экспорттаудың қолда бар тәжірибесі, сондай-ақ жаңа өндірушілердің пайда болуы болашақта шетелге жеткізу өседі деп болжауға мүмкіндік береді. Қазақстандық бизнес жаңа нарықтарды белсенді игеріп, жеткізу көлемін ұлғайтып, модельдік қатарын кеңейтуде. 2020 жылы Беларусь бағыты ашылды, Өзбекстанды игеру жалғасуда, өз автоөндірісі жоқ Қырғызстанда да әлеует бар. Осындай сыртқы экспансияға саланы мемлекеттің қолдауды арқасында қол жеткізілуде.

«Машина жасау біздің компания үшін экспорттық қолдаудың басым бағыттарының бірі болып табылады. 2017 жылдан бастап компания қабылдаған саланың экспорттаушы кәсіпорындарын қолдау бойынша сақтандыру міндеттемелерінің көлемі 62 млрд теңгені құрады, оның ішінде тек 2020 жылы ғана - 34,8 млрд теңге. Оның ішінде отандық автоөндірушілерді қолдау сомасы 2020-2021 жылдары 24 млрд теңгеге жетті», - дейді KazakhExport басқарма төрағасы Руслан Искаков.

Оның айтуынша, отандық машина жасаушылардың экспортқа шығу үшін үлкен әлеуеті бар және мемлекеттік даму институттары оларға қаржылық-сақтандыру және қаржылық емес қолдау көрсетуге дайын.

Дереккөз:  https://kursiv.kz/news/otraslevye-temy/2021-03/kazakhstan-naraschivaet-eksport-avtomobiley
Фото: sap.com.kz