Жаңа нарықтарды игеруге дайын: қарағандылық тауарлар шетелде сұранысқа ие | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

Жаңа нарықтарды игеруге дайын: қарағандылық тауарлар шетелде сұранысқа ие

Қарағанды облысы өткен жылы шетелге $3,49 млрд өнім сатты. 2020 жылы өңірден 5,7 млн тонна өнім экспортталды.

Статистика бюросының деректеріне сәйкес, облыстан шетелге тазартылған мысты (387,7 мың тонна) $2,2 млрд жөнелткен. Жеткізілімдер Қытайға - $1,7 млрд-қа 302,8 мың тонна, БАӘ-не - $292,5 млн-ға 51,1 мың тонна, Түркияға - $84,2 млн-ға 14,3 мың тонна және басқа елдерге жүзеге асырылды.

Бұдан басқа, Қарағанды облысы темір кені және концентраттармен, оның ішінде күйдірілген пиритпен Қытайды (1,4 млн тонна) $75,4 млн-ға, Қырғызстанды (997 тонна) $32,9 мыңға қамтамасыз етті. Сонымен қатар, мырыш рудасы мен концентраты Өзбекстанға $18 млн-ға 21,3 мың тонна, Ресейге $4 млн-ға 4,2 мың тонна сатылды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, коронадағдарысқа қарамастан, Қарағанды облысында 2020 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс индексі 2019 жылмен салыстырғанда 1,5%-ға өсті.

Өңдеу өнеркәсібінің өнімін экспортқа табысты өткізудің бір мысалы Теміртау электр металлургиялық комбинаты болып табылады, ол 2020 жылы 85 мың тонна марганец кенінің концентратын және 263 мың тонна әктасты өндірді. Кәсіпорын төрағасының бірінші орынбасары Иван Ленновтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша марганец кенінің концентраты 2019 жылға қарағанда 2,5 мың тоннаға көп өндірілген.

Леннов өткен жылы комбинатта 20,9 мың тонна әк, 24 мың тонна кальций карбиді, 5,9 мың тонна ферросиликомарганец өндірілгенін атап өтті. Оның мәліметінше, өнім Ресей, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, БАӘ, Қытай елдеріне экспортталды. Мәселен, 2020 жылы шетелге 20,18 мың тонна кальций карбиді, 213,5 тонна ферросиликомарганец, 53,2 мың тонна марганец концентраты сатылды.

«2020 жылы KazakhExport-тың жәрдемімен экспорттық сауданы қаржыландыру аясында ресейлік кәсіпорынмен $10 млн-ға келісімшарт жасалды, өнім $4,8 млн-ға сақтандырылды», - деп толықтырды Теміртау электр металлургиялық комбинатының өкілі.

Оның айтуынша, биыл да $10 млн-ға келісімшарт жасалды, оның ішінде KazakhExport сақтандыру өнімдері бойынша - $5 млн-ға жуық. Леннов атап өткендей, экспорт үшін жаңа бағыт - Египет қарастырылуда, болжалды көлемі - жылына 1 170 тонна.

Жалпы, 2021 жылы 8,2 млрд теңгенің өнімін шығару жоспарланған. Дайын өнім Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан нарықтарына жеткізіледі. 

Мемлекеттік қолдаудың көмегімен шетелдік нарықтарды ірі кәсіпорындар ғана емес, ШОБ өкілдері де игеруде. Мысалы, Қарағандыдағы отандық тамақ өнімдерін өндіруші «Income Company» компаниясы өнімдерін Ресей мен Қырғызстанға табысты экспорттайды.

Компания директоры Александр Вычужин 2020 жылы өндірілген жарма өнімдері мен жүгері таяқшаларының шамамен 33% шетелге сатылғанын хабарлады. Сынама ретіндегі жеткізілімді KazakhExport сақтандырды.

«Барлық жаңадан қосылған серіктестерді 2021 жылы KazakhExport құралы арқылы сақтандыруды жоспарлап отырмыз. Келісімшарттар жасаймыз», - деп қосты Вычужин.

Оның айтуынша, биыл Беларусьпен ынтымақтастық орнату қарастырылуда. Жалпы 2021 жылға экспорттық жеткізілімдер өндірілетін тауарлар көлемінің 42%-на дейін ұлғаюы мүмкін. Вычужин 2021 жылы 2,6 млн кг шығаруды жоспарлап отырғанын, ал 2020 жылы 1,9 млн кг өндірілгенін хабарлады.

Ет өнімдерін өндіруші «Ақ Орда Capital» ЖШС -де өз өнімдерін шетелге жеткізуді арттыруда. Компанияның бас директоры Роман Гуссамовтың айтуынша, өткен жылы кәсіпорында 3 мың тоннадан астам ет өнімдері өндірілген. Ол коронадағдарысқа қарамастан экспорт көрсеткіштері 2019 жылмен салыстырғанда 5%-ға артқанын атап өтті.

«Есепті кезеңде Ресейге 4,1 млрд теңгеге 932 тонна өнім сатылды. Өнім KazakhExport-тың – қысқа мерзімді дебиторлық қарызды сақтандыру және қарызды сақтандыру құралдары арқылы 4,79 млрд теңгеге сақтандырылды», - деп толықтырды бас директор.

Сонымен қатар, 2020 жылдың қорытындысы бойынша «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ (Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниясы) отандық кәсіпорындарға 134,6 млрд теңгеге қолдау көрсетті, оның 17 млрд теңгесі Қарағанды облысының кәсіпорындарына тиесілі: бұлар кальций карбидін, арматуралық прокатты, ферросилицийді, ПЭТ-флекстерді, май, жарма өнімдерін және кокс пештері өнімдерін экспорттаушылар.

Жалпы, ағымдағы жылы Қарағанды облысы бойынша өнеркәсіп өндірісін 2020 жылға қарағанда 3,3%-ға өсіру жоспарланған, бұл заңды түрде жаңа нарықтар мен бағыттарды игеру арқылы экспорттың өсуіне алып келуі мүмкін. Ал мұндай мәмілелерге мемлекеттің көмегі өте қажет.

Дерекөзі: https://lsm.kz/gotovy-osvaivat-novye-rynki-karagandinskie-tovary-v-sprose-za-rubezhom