Экспорттаушылар коронадағдарысқа қарсы: ең мықтылар аман қалады | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Экспорттаушылар коронадағдарысқа қарсы: ең мықтылар аман қалады

Коронадағдарыс отандық экономиканың көптеген салаларына ауыр соққысын тигізді, атап айтқанда осы текетіресте экспорттаушылар айтарлықтай шығынға ұшырады - өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қазақстандық экспорттың жалпы көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 18%-ға төмендеді. Әлемдік сарапшылар 2021 жылы вирустың тез тізе бүгіп, сыртқы сауда шығындарын қайтарып, бастапқы межелерге қайта оралуымыз мүмкін деген пікірде болғанымен, жағдай баяу, бірақ бірқалыпты түзеліп келеді. Қазақстандық бизнестің жаңа жағдайда аман қалуға талпынысы, мемлекеттің "қауіпсіздік жастығы" мен таяу болашаққа болжамдар туралы zakon.kz "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ Басқарма төрағасы Руслан Искаковпен әңгімелесті.

- Руслан Викторович, өткен жыл барлық қазақстандық кәсіпорындар үшін, соның ішінде экспортқа бағдарланған кәсіпорындар үшін күрделі жыл болды. Статистика экспорт көлемінің айтарлықтай төмендегенін көрсетеді. Сіздер осы кезеңде бизнеске, әсіресе ШОБ-қа қандай қолдау көрсеттіңіздер?

- Егер жыл қорытындысы бойынша соңғы цифрларға мұқият қарайтын болсақ, онда қазақстандық экспорттың төмендеуі бірінші кезекте шикізат экспортының төмендеуінен болғаны түсінікті болады, ал өңдеу өнеркәсібі экспортының үлесі шамалы ғана, тек 3%-ға төмендеді. Ал автомобиль мен тамақ өнімдері (ет, ұн, май, макарон және кондитерлік өнімдер) өндірісі сияқты салалар бойынша айтарлықтай өсім тіркелді - сәйкесінше 86% және 22%.

Біз үшін пандемия кезеңі белсенді жұмыс уақытына айналды: еңбекті қашықтан ұйымдастыруға көшу арқылы компанияның барлық бизнес процестерін сақтап қана қоймай, клиенттермен өзара іс-қимылдың жеделдігін арттыруға қол жеткізілді. Көптеген мәселелерді шешу онлайн алаңға өтті, біздің қызметкерлер KazakhExport-тың қолдау құралдары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ҚР ЕДБ өкілдерін қашықтан оқытты, ал мәжбүрлі карантиндік шаралар алынып тасталғаннан кейін компанияның өңірлік менеджерлері еліміздің барлық өңірлерінде кәсіпкерлермен B2B кездесулерін белсенді түрде өткізді.

Тіпті қашықтағы режимде клиенттер үшін рәсімдердің алгоритмдері бұрынғыша қарапайым және түсінікті болып қалды. Төтенше жағдай кезінің өзінде ғана біз шикізатқа жатпайтын сектора 26 қазақстандық экспорттаушыға 6 млрд теңгеден астам сомаға қолдау көрсеттік.

Жалпы, жыл қорытындысы бойынша 115 кәсіпорынға, оның ішінде 71 шағын және орта бизнес кәсіпорнына жалпы сомасы 134 млрд теңгеден астам, ал 2019 жылы 97 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. 2020 жылы 41 экспорттаушы біздің қызметтерімізді алғаш рет пайдаланды.   

- 2020 жылы, мысалы, машина жасау саласында қолдау тапқан ірі жобалардың мысалдарын айта аласыз ба?

- Бұл «Hyundai Trans Kazakhstan» жеңіл автомобильдерді құрастыратын зауыт, оның қуаттылығы жылына 30 мың автокөлікті құрайды. Қазақстанда құрастырылған автомобильдер Өзбекстанға KazakhExport-тың сақтандыру өтемімен экспортталады, ол бүгінгі таңда 6,9 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ бұл біздің баяғы серіктесіміз - «СарыарқаАвтоПром» Қостанай машина жасау зауыты, оның өндірген өнімін Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстанға экспорттау бойынша мол тәжірибесі бар. Компания біздің экспорттық сауданы қаржыландыру, экспорттық кредиттерді сақтандыру, кіруші қайта сақтандыру сияқты құралдарымызды пайдаланады. Кәсіпорынның барлық экспорттық келісімшарттары бойынша KazakhExport қабылданған міндеттемелер көлемі 2020 жылы шамамен 6,5 млрд теңгені құрады.

Машина жасау - жеңіл көлік қана емес екені белгілі, өткен жылдың соңында біз өндірістік қуаты СҚО-да орналасқан «Cool infinity» ЖШС-не изотермиялық вагон-термостарды шығарып, оны Ресейге экспорттауы үшін шикізат пен материалдар сатып алуына 500 млн теңге көлемінде сақтандыру қорғанысын бердік.

- Өткен жылы Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспортын екі есеге ұлғайтуды тапсырды. Компанияңыз әрқашан да тамақ өнімдерін экспорттауды белсенді қолдайтыны есімізде. Коронадағдарыс жылында қандай да бір өзгерістер болды ма?

- Қайта өңдеуді қамтитын барлық бағыттар, оның ішінде АӨК саласы біз үшін жоғары басымдыққа ие. Атап айтқанда, қазіргі таңда біз Қостанай облысының Қарабалық ауданында тұрып қалған құс фабрикасын жаңғыртуға қатысып жатырмыз, ол бірінші кезеңде жылына он екі жарым мың тонна бройлерлік ет өндіретін болады. Сондай-ақ, біздің қолдауымызбен биыл экспортқа бағытталған екі ірі май өңдеу зауыты толық көлемде жұмыс істей бастайды, ал біздің қолдауымызды Қазақстанның 16 май өңдеу кәсіпорны пайдаланады.

Өткен жылы ҚХР шекарасы арқылы тауарларды өткізу проблемаларына қарамастан, біздің компания алғаш рет аванстық төлемді сақтандыру құралын іске асырды, оның көмегімен Жамбыл облысынан Қытайдың Шэньси және Хубэй провинцияларына сафлор майын жеткізу жүзеге асырылды, бұл ретте қытайлық сатып алушыларға аванстың қайтарылмай қалуы тәуекелін KazakhExport толығымен өтеді.

Ұн тарту кәсіпорындары – біздің байырғы клиенттеріміз. Қостанай облысында қазақстандық ұнның бүкіл көлемінің үштен бір бөлігі өндіріледі. Жергілікті кәсіпорындар өнімдерін шетелдік нарықтарға табысты экспорттауда. Солардың бірі, түрлі елдерден жоғары сұрыпты ұн сатып алатын ондаған клиенттермен ынтымақтасатын «Саламат» ЖШС болып табылады. Мемлекетіміз экспорттаушылар KazakhExport арқылы пайдалана алатын қолайлы және шынымен де қажетті бірнеше қолдау құралдарын қарастырды. «Саламат» ЖШС айналым қаражатын толықтыруға кредит алып, бір маусымға шикізат сатып алды, бұл компанияға өнімнің өзіндік құнын қысқартуға және Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Ауғанстанның сыртқы нарықтарында бәсекелесуге мүмкіндік берді.

2020 жылы ұнның әртүрлі сұрыптарын, макарон өнімдері мен жайма өндіретін ақтөбелік Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты KazakhExport қолдау көрсеткен жаңа экспорттаушы болды. Бүгінде дайын өнімінің 85%-ы Қазақстан нарығында қалып отыр. Қалған бөлігі GRANUM брендімен Қытай, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ауғанстан елдеріне экспортталады.

122 компаниядан тұратын және әртүрлі елдерде 76 өкілдігі бар «CG Corp Global» ЖШС ірі халықаралық корпорациясына кіретін «CG FOOD Central Asia» ЖШС 2020 жылы KazakhExport құралдарын алғаш рет пайдаланды. Өзінің өндірістік желісін кеңейту аясында, 2019 жылдың желтоқсанында корпорация Түркістан облысында тез дайындалатын кеспе өндіретін зауыт ашты. «CG FOOD Central Asia» ЖШС Ресей Федерациясындағы үш шетелдік сатып алушыға қатысты экспорттық кредиттер бойынша шарттарды сақтандырды. Енді экспорттаушы өз өнімін төлем мерзімін кейінге қалдыра отырып, шетелдік контрагенттерге тәуекелсіз жөнелте алады, бұл ретте жеткізу көлемін едәуір ұлғайтады.

Біз қолдаған жобалар Қазақстанның әр өңірінде бар, және, көбінесе, олар шағын және орта бизнес кәсіпорындары екенін атап өтемін.

Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша KazakhExport қолдау көрсеткен АӨК және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының үлесі 37% немесе 48 кәсіпорынды (19 жаңа) құрады, қабылданған сақтандыру міндеттемелерінің көлемі 49 млрд теңгеге жетті.

- Қазір KazakhExport ұсына алатын қаржылық құрал қанша және отандық экспорттаушылардың қарекетін жеңілдету үшін тағы қандай әрекетті қолға алдыңыздар? Олар шетелдік нарықтарда бәсекелестікке төтеп бере ала ма және оған қалай көмектесуге болады?

- Біздің арсеналда 17 сақтандыру өнімдері бар, олармен біздің www.kazakhexport.kz корпоративтік веб-сайтымызда жан-жақты танысуға болады. Шетелдік нарықтардағы бәсекелестікке келетін болсақ, KazakhExport-тың ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылатын Сауда және интеграция министрлігі өткен жылы ҚР Кәсіпкерлік кодексіне түзетулер енгізуге бастамашы болды, сондай-ақ ЕДБ үшін отандық экспорттаушылардың өнімін шетелдік сатып алушыларды кредиттеу бойынша ынталандырулар жасау тұрғысынан банктік реттеушімен жұмыс жүргізілуде, бұл, шынын айтқанда, біздің өндірушілеріміз үшін бәсекелестік жағдайларын теңестіруі тиіс.

Халықаралық нарықтарда ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) Экспорттық кредит беру консенсусының ережелері қолданылады, ол CIRR (Commercial Interest Reference Rates) мөлшерлемесінен төмен болмайтын қаржыландыруды көздейді. Онымен салыстырғанда Қазақстанның банктері мен қаржы институттарының мөлшерлемелері жоғары болып табылады. Соның салдарынан экспорттық мәмілелер үшін қаржыландыру қымбат болып отыр.

Қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сыртқы нарықтарда ілгерілетуге жағдай жасау үшін экспорттық сауданы қаржыландыру кезінде банктердің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қажет.

Бірінші кезекте аталған құралды жоғары технологиялық өнімдер мен қызметтерді экспорттау кезінде қолдану жоспарлануда. Өндірістің ауқымдылығы мен оқшаулануын арттыру ескерілетін болады. Бұл бағытта қосылған құны жоғары және тіршілік кезеңі ұзақ тауарлардың болашағы зор, мысалы, автомобиль, автобус, тікұшақ, локомотив, вагон, темір жол жинақтауыштары, трансформаторлар, аккумуляторлар.

Субсидиялаудың арқасында қаржыландыру мөлшерлемесі импорттаушылар үшін қолайлы болады. Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігі мен қажеттілігі артады. Бұл отандық өндірушілерге, әсіресе машина жасаушылар мен инжинирингтік компанияларға шикізатқа жатпайтын экспорт көлемін арттыруға көмектеседі.

- Мемлекет басшысы отандық шикізатқа өңдеуші кәсіпорындардың қолайлы бағамен толыққанды қол жеткізуі мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтті. Бұл бастама экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға қалай көмектеседі?

- Сапалы және арзан шикізат қазақстандық кәсіпорындар өнімінің өзіндік құнын төмендетуге ықпал ететін болады. Соның нәтижесінде отандық өнімнің шетелдік нарықтарда бәсекеге қабілеттілігі артады, экспорт үшін жаңа бағыттар ашылады.

Біз үнемі Қазақстанға соя мен күнбағыстың орнына май мен шрот, алюминий немесе мыстың орнына кабель, қорғасынның орнына аккумулятор экспорттау тиімді екенін айтып келеміз. Ал қазір біздің өндірушілер отандық жеткізушілерден әлемдік биржалық баға бойынша шикізат сатып алуға мәжбүр, бұл көбінесе өз елдерінде арзан шикізатқа қол жеткізе алатын ресейлік немесе басқа да өндірушілер алдындағы бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Бұл экспорттық келісімшарттарды жоғалтуға ғана емес, Қазақстанның өзінің импортты алмастыруға және экспорттауға әлеуеті бар май, кабель, аккумулятор сияқты басқа да өнімдердің Ресейден импортталуына әкеледі.

Мәселені шикізат экспортын шектеу сияқты, ДСҰ мен ЕАЭО талаптарына қайшы келмейтін шаралардың көмегімен шешу мүмкіндігі бар, бұл мысалы, шикізатты әкетуге маусымдық шектеулер, қосымша фискалды шаралар, қайта өңдеушілердің отандық шикізатты сатып алуы кезінде ҚҚС-ын алып тастау және басқалар.

- Сіз банк секторымен тығыз жұмыс істейсіз, жыл қорытындысы бойынша қандай нәтижелерді жария ете аласыз?

- 2020 жылы ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» РММ және біздің компаниямызбен бірлесіп үлкен жұмыс атқарды, соның нәтижесінде KazakhExport-тың сақтандыру өтемі ЕДБ қарыздары бойынша өтімділігі жоғары қамтамасыз етуге теңестірілді. «Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» РММ Басқармасының қаулысымен кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді, бұл банктердің экспорттық операцияларды қаржыландыру көлемін ұлғайтуына мүмкіндік берді.

2016 жылдан бастап қазақстандық экспорттаушылар KazakhExport-тың сақтандыру өтемімен 216,5 млрд теңге сомасына банк қаржыландыруына ие болды. Бұл ретте 2020 жылы осы сома 102 млрд теңгені құрады (салыстыру үшін 2019 жылы - 48,2 млрд теңге). Демек, экспорттаушылар банктер арқылы KazakhExport сақтандыру өтемінің көмегімен көбірек қаржы шығара алады.

KazakhExport ҚДБ, ЕАДБ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, Аграрлық несие корпорациясы, Өнеркәсіпті дамыту қоры сияқты даму институттарымен табысты жұмыс істейді.

ЕДБ арасында «Халық банкі», «РБК», «Сбербанк», «Альфабанк», «Нұрбанк», «ВТБ», «Еуразиялық Банк» белсенді серіктестер болып табылады.

- 2019 жылмен салыстырғанда өсім айтарлықтай, 2 есе артқан, демек, бұл сіздерге деген сенімнің артқандығы ғой?

- Мамандандырылған агенттіктер арқылы бизнес экспортын мемлекеттік қолдау - көптеген елдерде кең таралған тәжірибе. Экспорттық-кредиттік агенттіктің меншікті капиталы неғұрлым көп болған сайын, ол іске асыра алатын мәмілелердің көлемі бойынша және ұсталынуы мүмкін тәуекелдің ең жоғары мөлшері бойынша мүмкіндіктер соғұрлым көп болады. Мемлекеттік кепілдікті алу бір жағынан сақтандыру портфелінің сыйымдылығын арттыруға, ал екінші жағынан - неғұрлым ірі жобаларға қатысуға мүмкіндік береді.

2019 жылы республикалық бюджет қаражатынан 34 млрд теңге сомаға KazakhExport-ты капиталдандыру жүзеге асырылды. Ал 2020 жылдың мамыр айында тағы 29 млрд теңгеге капиталдандырылды. Бұдан басқа, 2019 жылдың желтоқсанында компания 10 жылға қолданылу мерзімімен 102 млрд теңгеге экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік алды.

Осылайша, 2021 жылдың 1 қаңтарына компанияның жарғылық капиталы 100,1 млрд теңгеге дейін өсті, меншікті капитал 109,6 млрд теңгені құрады, ал активтердің мөлшері 123 млрд теңгеден асты. Өткен жылы компания ҚР Президентінің 2019 жылы таза табыстан 100%-ға дейінгі мөлшерде дивидендтер төлеу жөніндегі тапсырмасын орындап, дивиденд ретінде 2,3 млрд теңгеден астам соманы компанияның жалғыз акционері - «Бәйтерек» холдингіне аударды.

2020 жылдың жазында Moody's Investors Service халықаралық рейтингтік агенттігі халықаралық шкала бойынша Сақтандырушының қаржылық тұрақтылығының «Baa3» рейтингін оң болжаммен, яғни Қазақстан Республикасының егеменді рейтингі деңгейінде растады. «KazakhExport» қызметіне талдау жасай отырып, сарапшылар меншікті капиталдың өте жоғары деңгейін, табыстылықтың өсуін, жақсы қаржылық икемділікті, бірнеше жыл ішінде сақтандыру кредиттері нарығындағы басым үлесін, андеррайтинг стандарттарын тиімді түрде ілгерілетіп отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ, талдаушылар экономиканың барлық секторларында экономикалық құлдырауға әкеп соқтырған пандемия кезеңіндегі экспорттық сақтандыру компаниясының рөлін атап өтті. Компанияның қомақты капиталдандырылуы және KazakhExport-тың мемлекеттік кепілдігі отандық экспорттаушыларды қолдау үшін сақтандыру сыйымдылығын ұлғайтады және сақтандыру міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету болып табылады.

Бұл шетелдік серіктестердің KazakhExport-тың сақтандыру өтеміне деген сенімін арттыратыны күмәнсіз.

- Демек, экспорттаушыларды қолдау көлемі 2021 жылы тек қана өсетін бола ма?

- 2021 жылы KazakhExport-тың жарғылық капиталы тағы 5 млрд теңгеге ұлғайтылады, мемлекеттік кепілдік сомасын ұлғайту жоспарлануда. Жоғарыда айтылғандардың барлығы өңдеуші сектордың қазақстандық экспорттаушыларын KazakhExport-тың құралдары арқылы сақтандыра отырып  қолдау көлемін жылына 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

https://www.zakon.kz/5057389-eksportery-protiv-koronakrizisa.html