FoodExpo Qazaqstan: ЭКА отандық экспортты сақтандыру және дамыту мүмкіндіктерін көрсетті | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

FoodExpo Qazaqstan: ЭКА отандық экспортты сақтандыру және дамыту мүмкіндіктерін көрсетті

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Алматыда өткен 28-ші Орталық Азия халықаралық FoodExpo Qazaqstan көрмесінің ашылу салтанатына қатысып, отандық өндірушілерді қолдауға арналған қаржылық және сақтандыру құралдарын таныстырды.

Биылғы көрмеге 31 елден 505 компания қатысып, экспозицияның жалпы аумағы 15 мың шаршы метрден асты. Көрмеде Қазақстан атынан 86 кәсіпорын, ал шетелдік сектордан 419 қатысушы болды. Айта кетерлігі, экспоненттердің 67 пайызы көрмеге алғаш рет қатысып отыр. Бұл халықаралық бизнестің Орталық Азия нарығына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Қатысушылар ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс, Америка және Азия елдерінен жиналды. Олардың қатарында Германия, Италия, Қытай, Нидерланд, БАӘ, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Франция, Швейцария, Жапония және басқа да мемлекеттер бар.

Көрмеде алғаш рет Сингапур, Малайзия және Индонезияның 30-дан астам компаниясын біріктірген Asian Group ұжымдық экспозициясы, сондай-ақ 14 компания қатысқан Малайзияның ұлттық стенді ұйымдастырылды. Сауда желілерімен және дистрибьюторлармен тікелей B2B келіссөздер жүргізуі үшін арнайы Ритейл-орталық жұмыс істеді.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Агенттіктің Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Алмас Қалқаев «Қазақстанда жасалған» брендінің сыртқы нарықтардағы орнын нығайту үшін өндірушілерге экспорттық мәмілелерді кешенді түрде сақтандыру қажет екенін атап өтті.

«FoodExpo Qazaqstan – нағыз іскерлік орта. Бұл алаң қазақстандық өндірушілерге әдеттегі жағдайда бірнеше айға созылатын ондаған тікелей келіссөзді небәрі үш күн ішінде өткізуге мүмкіндік береді. Алайда экспортқа шығу – жұмыстың жартысы ғана. Ең бастысы – келісімшарт бойынша төлемнің уақтылы жасалатынына және инвестициялардың қорғалатынына көз жеткізу», – деп атап өтті А. Қалқаев.

Оның айтуынша, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі экспорттаушыларға үш негізгі бағыт бойынша қолдау көрсетеді:

  • Экспорттық тәуекелдерді сақтандыру. ЭКА шетелдік сатып алушы тарапынан төлем жасалмау тәуекелін өз мойнына алады. Бұл өндірушілерге айналым қаражатының тапшылығына ұшырау қаупінсіз өнім жеткізуге мүмкіндік береді.
  • Қаржыландыру және айналым капиталын толықтыру. Кәсіпорынның экспорттық келісімшарт аясында өндірісті кеңейту үшін кепілдік қамтамасыз етуі жеткіліксіз болған жағдайда, Агенттік екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру тартуға жәрдемдеседі немесе қазақстандық тауарларды сатып алуды ынталандыру мақсатында шетелдік сатып алушыға қолдау көрсетеді.
  • Шикізаттық емес экспортты ілгерілетуге арналған кепілдіктер. Бұл құрал экспорттаушы компанияларға өнім жеткізуді ұзақ мерзімді негізде жоспарлауға мүмкіндік береді.

FoodExpo Qazaqstan көрмесіндегі жұмыс қорытындысы бойынша Агенттіктің қатысуы отандық тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына экспорттық мәмілелерді қорғау тетіктерін қалыптастыруға және өнім жеткізу географиясын Орталық Азия мен алыс шетел елдеріне кеңейтуге ықпал етті.

 

 

consultation Кеңес ал!