Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Антальядағы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-ші конференциясына (COP31) қатысуда
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі (ЭКА) 2026 жылғы 9-20 қараша аралығында Анталья қаласында (Түркия) өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-ші конференциясының (COP31) жұмысына қатысуда.
COP31 конференциясы Париж келісімін практикалық іске асыруды, климаттық инвестицияларды жұмылдыруды және әділетті энергетикалық көшуді жеделдетуді талқылау үшін мемлекет басшыларының, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, іскерлік топтар мен азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосты.
COP31-ге қатысу ЭКА-ның орнықты даму қағидаттарын енгізу және экобағдарланған экспорттаушыларды қолдау мәселелеріндегі басымдығын айқындайды. Экологиялық және климаттық факторларды экспортты қолдау тетіктеріне интеграциялау отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, төмен көміртекті өндірістерді дамытуды ынталандыруға және өзекті әлемдік күн тәртібін ескере отырып, халықаралық нарықтарда қазақстандық өнімнің қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді.
2023 жылдан бастап ЭКА Дубайда өткен COP28-де бастамаға қосыла отырып, Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі экспорттық-кредиттік агенттіктер альянсының (NZECA) ресми қатысушысы болып табылады. Қабылданған міндеттемелерді орындау шеңберінде ЭКА парниктік газдар шығарындыларын азайту, портфельдің климаттық тәуекелдерін басқару және экспортты қолдаудың «жасыл» құралдарын дамыту бойынша нақты бағдарларды белгілейтін өзінің Климаттық стратегиясын әзірледі.
Агенттік өкілдері COP31 іскерлік бағдарламасына, соның ішінде ECA Finance Summit-тегі қаржы институттарының диалогы, климаттық жобаларды іске асырудағы экспорттық қаржыландырудың рөлі туралы британдық UKEF экспорттық-кредиттік агенттігінің пікірталасы сияқты негізгі халықаралық сессияларға қатысуда, сондай-ақ «жасыл» индустрияландыру мен сауда ынтымақтастығын дамытуға арналған сараптамалық сессияға қатысады.
Аталған сессияларға қатысу ЭКА-ға жетекші жаһандық даму институттарымен әріптестік байланыстарды нығайтуға, климаттық саясат саласындағы озық тәжірибемен алмасуға және экспорттық қолдауды трансформациялауға қатысты Қазақстанның тәсілдерін таныстыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бір ай бұрын Sustainable Fitch халықаралық рейтингтік агенттігі Климаттық көшу стратегиясын дәйекті іске асыруының, ISO 14001 сертификатталған экологиялық менеджмент жүйесінің болуының және шығарындылар санаттары бойынша деректерді ашуының нәтижесінде Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігіне «3» деңгейіндегі орнықты даму рейтингін берді. Сонымен қатар агенттік БҰҰ Жаһандық шартының қағидаттары мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бастамаларын қолдай отырып, озық әлеуметтік практикаларды көрсетуде.
