Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі мен Trade and Development Bank сауданы қаржыландыруды дамыту туралы уағдаласты | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі мен Trade and Development Bank сауданы қаржыландыруды дамыту туралы уағдаласты

«Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) және Моңғолияның ірі банктерінің бірі — Trade and Development Bank (TDB) — сауданы қаржыландыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және қазақстандық өнімнің моңғол нарығына экспортын қолдауға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Бұл ынтымақтастық ЭКА-ның моңғол нарығындағы қатысуын дамыту жөніндегі дәйекті жұмысының нәтижесі болды. Осы процесте Моңғолияның жетекші банктерімен байланыс орнатуға және ЭКА құралдарын қолдану мәселелері бойынша келіссөздер ұйымдастыруға жәрдемдескен Агенттіктің серіктесі — Mon-Kaz Trade & Investment Hub LLC маңызды рөл атқарды.

Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі моңғолиялық сатып алушылардың қазақстандық өңдеу өнеркәсібі тауарларын импорттауын қолдау үшін сауданы қаржыландыруды және аккредитивтер бойынша төленбеу тәуекелдерін сақтандыруды дамыту болмақ.

Атап айтқанда, ЭКА тетігі моңғолиялық сатып алушыларға төлемді кейінге қалдыруға мүмкіндік береді, ал қазақстандық экспорттаушыларға жеткізілген өнім үшін төлемді уақтылы алуға жағдай жасайды. Қазақстандық банк моңғол банкі ашқан аккредитивті растайды және экспорттаушыға аккредитивте көзделген жөнелту құжаттары ұсынылғаннан кейін тауар ақысын төлейді. Өз кезегінде, ЭКА төленбеу тәуекелін сақтандыру жабынын қамтамасыз етеді және растаушы банкте жеңілдікті шарттармен шартты салым орналастырады.

Сондай-ақ Меморандумда қаржы өнімдері мен қызметтері туралы ақпарат алмасу, әлеуетті клиенттер үшін бірлескен іскерлік іс-шаралар, консультациялар мен таныстырылымдар өткізу, сондай-ақ тараптар арасындағы практикалық өзара іс-қимылды дамыту көзделген.

TDB-мен ынтымақтастық қазақстандық экспорттаушылардың моңғол нарығына шығуы үшін қосымша мүмкіндіктер ашады, моңғолиялық сатып алушылардың қаржы құралдарына қолжетімділігін кеңейтеді және Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.

consultation Кеңес ал!