Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымының жартысынан астамы - АӨК өнімдері | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымының жартысынан астамы - АӨК өнімдері

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) Астанада өткен Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумында экспортты және бірлескен бастамаларды қолдауға арналған қаржылық-сақтандыру құралдарын таныстырды. Іс-шара Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды.

Екі елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен өткен келіссөздердің негізгі тақырыбы 2030 жылға қарай екіжақты тауар айналымын 2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту жөніндегі ұзақ мерзімді мақсатқа қол жеткізу болды. Осы мақсатта қатысушылар жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, бірлескен кәсіпорындар құру және көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту мәселелерін талқылады. Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде көлік, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, су ресурстары, өнеркәсіп және цифрландыру айқындалды.

Іскерлік бағдарлама аясында ЭКА-ның Тәжікстандағы өңірлік директоры Рамеш Худоиев B2B және B2G форматтарында бірқатар кездесулер өткізіп, шетелдік серіктестерге өзара тауар жеткізілімдерін ынталандыруға бағытталған агенттік тетіктерін ұсынды.

Ынтымақтастықты кеңейтуге деген практикалық қызығушылық өзара сауда көрсеткіштерінің айтарлықтай өсуімен де расталады. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы 1 млрд 130 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,6%-ға немесе 230,9 млн АҚШ долларына ұлғайды.

«Өзара сауданың оң динамикасы негізінен тамақ және химия өнеркәсібі өнімдерінің, сондай-ақ өңделген металлургия өнімдерінің экспорттық жеткізілімдерінің артуы есебінен қамтамасыз етілді», – деп нақтылады Рамеш Худоиев.

Бұл ретте агроөнеркәсіптік сектор сауда ынтымақтастығының негізгі бағыты болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы 40%-ға өсіп, өзара сауданың жалпы көлемінің жартысынан астамын құрады және 578,3 млн АҚШ долларына жетті.

Сауда қатынастарымен қатар екіжақты инвестициялық әріптестік те нығайып келеді. Бүгінде Қазақстанда капиталы толықтай тәжік инвесторларына тиесілі 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Сонымен қатар ЭКА тарапынан көрсетілетін қаржылық-сақтандыру қолдауының көлемі де артып келеді. Атап айтқанда, агенттіктің қазақстандық экспорттаушылардың Тәжікстанға өнім жеткізу келісімшарттары бойынша қабылдаған міндеттемелерінің көлемі 2024 жылғы 2,6 млрд теңгеден 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 16,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

consultation Кеңес ал!