Қазақстан Шанхайдағы 9-шы Қытай халықаралық импорттық көрмесінде (CIIE) ұлттық павильонды таныстырды | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қазақстан Шанхайдағы 9-шы Қытай халықаралық импорттық көрмесінде (CIIE) ұлттық павильонды таныстырды

Қазақстан 5-10 қараша аралығында Шанхайда өтіп жатқан 9-шы Қытай халықаралық импорттық көрмесінде (China International Import Expo, CIIE) өзінің ұлттық павильонын ұсынды.

CIIE – жыл сайын 160-тан астам ел мен өңірден мыңдаған компаниялардың басын қосатын әлемдегі ең ірі сауда майдандарының бірі. Көрме шетелдік өндірушілерге Қытай нарығына шығуға, тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және экспорттық келісімшарттар жасасуға мүмкіндіктер ашады.

Қазақстан CIIE көрмесіне дәстүрлі түрде қатысып, отандық кәсіпорындардың өнімдері мен елдің экспорттық әлеуетін таныстырып келеді. Биыл ұлттық павильон 40-қа жуық қазақстандық өндірушінің басын қосты. Көрмеде тамақ өнеркәсібі өнімдерінің кең ассортименті, соның ішінде май-тоң май, ұн тарту, кондитерлік және сүт өнімдері, сусындар және қазақстандық өндірістің басқа да тауарлары ұсынылған.

Көрмеде өз өнімдерін Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің клиенттері – «Sultan Marketing» ЖШС, «RG Brands» ЖШС, «Шин-Лайн Компаниясы» ЖШС, «Баян Сұлу» АҚ және басқа да кәсіпорындар таныстырды. Павильонның ашылу салтанатына және көрменің ресми іс-шараларына ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Басқарма төрағасы Аллен Шайжүнісов, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директоры Нұрлан Құлбатыров қатысты.

Сондай-ақ көрме аясында бірлескен экспорттық бастамаларды қолдау бойынша қытайлық серіктестермен және қаржы институттарымен бірқатар негізгі келіссөздер жүргізілді. Басты тақырыптар – жаңа экспорттық келісімшарттар және қытайлық банктермен ынтымақтастықты дамыту.

Сауда министрлігінің мәліметінше, көрменің бірінші күнінде қазақстандық компаниялар жалпы сомасы 100 млн долларға жуық келісімдер жасасты. Қол жеткізілген уағдаластықтар қытайлық бизнестің отандық өнімге деген жоғары қызығушылығын дәлелдейді және экспорттық жеткізілімдерді ұлғайту үшін қосымша перспективалар ашады, деп атап өтті ведомствода.

Сауда ынтымақтастығын дамыту Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының орнықты өсуімен қатар жүруде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 11%-ға ұлғайып, 48,7 млрд долларға жетті. 2026 жылдың тоғыз айында тауар айналымы 43,3 млрд долларды құрап, 21,9%-ға өсім көрсетті.

Қазақстанның CIIE-ге қатысуы отандық тауарларды жылжытуға ғана емес, сонымен бірге қытайлық компаниялармен ұзақ мерзімді серіктестік қатынастарды қалыптастыруға, бірлескен инвестициялық жобаларды дамытуға және қазақстандық бизнестің халықаралық нарықтарда қатысуын кеңейтуге бағытталған.

Фотосуреттерді түсірген: Саида Жаркинова.

consultation Кеңес ал!