ЭКА бизнесті қолдау құралдарын кеңейту стратегиясын таныстырды | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

ЭКА бизнесті қолдау құралдарын кеңейту стратегиясын таныстырды

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі (ЭКА) экспортты қолдау тетіктерін дамыту және перспективті сыртқы нарықтарды айқындау мәселелеріне арналған стратегиялық сессия өткізді. Іс-шараға ЭКА Директорлар кеңесі мен Басқарма мүшелері, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ, даму институттарының өкілдері – Қазақстанның Даму Банкі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысты.

Стратегиялық сессияны ашқан ЭКА Директорлар кеңесінің төрағасы Ерсайын Хамитов агенттіктің шикізаттық емес экспортты қолдау институты ретіндегі рөлін одан әрі күшейтудің негізгі бағыттарына тоқталды.

«Бүгінгі ортақ міндетіміз – шикізаттық емес экспорт көлемін арттырумен ғана шектелмей, қазақстандық компаниялардың сыртқы нарықтарда орнықты жұмыс істеуіне жағдай жасау. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі шикізаттық емес экспортты дамытуға белсенді ықпал ететін даму институтына әрі бизнесті қолдаудың толыққанды қаржы экожүйесіне айналуы тиіс», – деді Е. Хамитов.

ЭКА Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов агенттіктің қол жеткізген нәтижелері мен қазіргі даму бағыты туралы айтып берді.

«Соңғы жылдары Агенттік жүйелі түрде дамып, шикізаттық емес экспортты қолдау институты ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Сақтандыру сыйымдылығы мен капиталдандыру деңгейін арттыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Қолдау көлемі екі есеге ұлғайды. Біз үшін көрсеткіштерді арттырумен қатар, портфель сапасын сақтау да маңызды», – деді А. Шәйжүнісов.

Сессияның негізгі тақырыптарының бірі қолдау құралдарын кеңейту болды. ЭКА Басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанованың айтуынша, агенттік негізінен сақтандыруға бағытталған модельден толыққанды қаржы экожүйесіне кезең-кезеңімен көшуді жоспарлап отыр.

Осы орайда шағын және орта бизнесті жүйелі қолдауға ерекше мән берілмек. 2027 жылы агенттік ШОБ субъектілерін қолдауды басым бағыттардың біріне айналдыруды көздеп отыр.

Кешенді шешімдер әзірлеу мақсатында пікірталасқа қаржы нарығының негізгі қатысушылары – Қазақстанның Даму Банкі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшылығы, сондай-ақ ірі бизнес өкілдері қатысты.

Кездесуде даму институттарының өзара іс-қимылын күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаев ҚДБ-нің ірі инвестициялық және экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асырудағы негізгі қаржы серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, экспортты қолдауда барынша жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін даму институттарының мүмкіндіктерін біріктіру маңызды.

«ЭКА сақтандыру және елдік тәуекелдерді өз мойнына алуы тиіс, ал БРК мен банктер қаржыландыруды қамтамасыз етуі қажет», – деді М. Елібаев.

БРК басшысы бірлескен жұмыстың перспективалы бағыттары ретінде Buyer’s Credit тетігін дамытуды, банкаралық сақтандыруды, шетелдік банктерді қаржыландыруды және ұзақ мерзімді жобалық қаржыландыруды атады.

Өз кезегінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев болашақ экспорттаушыларды қалыптастыруға арналған кешенді қолдау жүйесі туралы айтып өтті. Оның сөзінше, қор бизнесті қалыптасудың барлық кезеңінде қолдайды.

- «Даму» микро кәсіпорыннан бастап стратегиялық экспорттық жобаға дейінгі жолды қамтитын үздіксіз қолдау жүйесін қалыптастырып, әр кезеңдегі қаржылық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Қор бағдарламалары кәсіпкерлердің дамуына және олардың экспорттық нарықтарға шығуына жағдай жасайды, – деп атап өтті.

Қазіргі уақытта ЭКА мен «Даму» қоры стратегиялық жобалар бойынша тәуекелдерді қайта сақтандыру тетіктерін бірлесіп пысықтап жатыр. Олардың қатарында өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешендегі ірі бастамалар бар. Сонымен бірге экспортқа бағытталған жобаларды сүйемелдеу және бірлесіп қолдау бағытындағы жұмыс жалғасуда.

Даму институттарының назарында қолдау көлемін арттыру, экспорт алдындағы қаржыландыруды одан әрі дамыту және экспорттық мәмілелерге кепілдік беру тетіктерін жетілдіру мәселелері де бар.

Сессия барысында сарапшылар қолдау шараларын өзара үйлестіру, тәуекелдерді төмендету және халықаралық ынтымақтастықтың тиімді тәжірибелерін қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Бұл ретте биыл Астанада өткен Берн одағының Көктемгі отырысының қорытындылары да ескерілді.

Ашық пікірталас қорытындысында экспортты қолдау ауқымын кеңейтуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді. Олардың қатарында екінші деңгейлі банктермен ынтымақтастықты одан әрі күшейту және «Бәйтерек» холдингінің стратегиясында белгіленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыру бар.

consultation Кеңес ал!