ЭКА Өңдеу өнеркәсібіндегі Өзбекстанмен бірлескен жобаларды қолдауды күшейтеді
«Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) Басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанова Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өңірлері басшыларының I кеңесіне қатысты. Іс-шара Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның XXIII отырысы аясында Ақтау қаласында өтті.
«Сауда және экспорттық кооперацияның жаңа мүмкіндіктері» панельдік сессиясында сөз сөйлеген спикер екі мемлекеттің сауда-экономикалық өзара іс-қимылын нығайтудағы қаржылық-сақтандыру тетіктерінің рөлін атап өтті.
Ынтымақтастықтың стратегиялық векторы
2025 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4,8 млрд долларға жетті. Бұл ретте қазақстандық экспорт 3,5 млрд доллардан асты, оның 68%-ы шикізаттық емес өнімдерге – азық-түлік, металлургия және құрылыс материалдарына тиесілі болды. Бұл екіжақты өзара іс-қимылды шикізаттық модельден жоғары қосылған құны бар тізбектерді құруға көшуді растайды.
Мадина Ержанова қазіргі кезеңде сауданың өсуі тауарлардың бәсекеге қабілеттілігіне ғана емес, сонымен бірге қаржы инфрақұрылымының тиімділігіне де байланысты екенін атап өтті:
«Қазіргі шынайылықта қаржыландырудың қолжетімділігі, коммерциялық және саяси тәуекелдерді тиімді басқару, төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі және келісімшарттық міндеттемелердің сенімді орындалуы айқындаушы факторларға айналуда. ЭКА бизнестің жаңа нарықтарды қауіпсіз игеруіне және жеткізу көлемін арттыруына мүмкіндік беретін орнықты қаржылық экожүйені қалыптастыра отырып, дәл осы міндеттерді шешеді».
ЭКА қолдауының ауқымы
Бүгінгі таңда Агенттіктің сақтандыру сыйымдылығы 941 млрд теңгені құрайды, ал 2026 жылдың соңына қарай оны 1,2 трлн теңге деңгейіне дейін өсіру жоспарлануда. Соңғы бес жылда ЭКА 300-ден астам экспорттаушыға қолдау көрсетті, ал жиынтық экономикалық әсер 7 трлн теңгеден асты.
Агенттіктің арсеналында озық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сақтандыру, кепілдік және қаржылық қолдаудың 25 құралы бар. ЭКА жобаларды өндірісті дайындаудан бастап экспорттық келісімшарттар бойынша соңғы есеп айырысуларға дейінгі барлық кезеңде кешенді түрде сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде Агенттік әлемдік жетекші қайта сақтандыру компанияларымен, шетелдік ЭКА-лармен және серіктес банктермен жүйелі түрде өзара іс-қимыл жасайды. Ерекше айта кететіні, сауданы қаржыландыру өнімі бойынша Өзбекстанның 5 банкінде лимиттер ашылып, игерілуде.
Өзбекстан нарығының әлеуеті
Өзбекстан Агенттік қолдайтын жобалар үшін негізгі экспорттық нарықтардың бірі болып табылады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Өзбекстан нарығына бағытталған экспорттық жобаларды қолдау көлемі шамамен 135 млрд теңгені құрады. Негізгі үлес экспорттық операцияларды сақтандыруға, сондай-ақ экспорт алдындағы және сауданы қаржыландыру құралдарына тиді.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, сауданы одан әрі өсіру және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ең жоғары әлеует химия өнеркәсібінде, металлургияда, машина жасауда және тамақ өнеркәсібінде шоғырланған.
Кәсіпкерлерге қолайлы болуы үшін Агенттік цифрлық экожүйені белсенді дамытуда. Бүгінде өндірушілер қолдау алуға өтінімдерді «Экспорттаушының жеке кабинеті» арқылы қашықтан бере алады, ал шетелдік сатып алушылар қазақстандық кәсіпорындарды «Экспорттаушылар витринасы» сервисінің көмегімен таба алады.
Қорытындылай келе, ЭКА Басшысының орынбасары одан әрі кооперацияның жоғары келешегіне сенім білдірді:
«Біздің елдеріміз сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету үшін берік іргетасқа ие. Осындай форматтағы іс-шаралар өнеркәсіптік кооперацияға қуатты серпін береді. Біз сенімді даму институты болуға дайынбыз және бірлескен стратегилық жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік органдармен, қаржы ұйымдарымен және бизнес-қоғамдастықпен белсенді өзара іс-қимыл жасауға ашықпыз».
