Қостанайдың экспорттық әлеуеті: ЭКА өңірдегі өңдеу өнеркәсібін қалай қолдап жатыр?
Қостанай облысында отандық шикізаттық емес экспортты дамытуға және өңдеу өнеркәсібіне көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаудың тиімділігін таныстыру мақсатында ауқымды пресс-тур өтті. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы – «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) ұйымдастырған бұл шара аясында журналистер өңірдің ірі экспортқа бағдарланған кәсіпорындарының жұмысымен танысты.
ЭКА сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелдерінен сақтандыруды, экспорттық кезеңдердің қауіпсіздігін кепілдендіруді, сондай-ақ экспорт алдындағы және экспорттық-саудалық қаржыландыруды қамтамасыз ететін ұлттық даму институты болып табылады.
Қостанай өңірі агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін терең өңдеу бойынша елде көш басшылардың қатарында тұр. Тек 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан экспортталған өңделген АӨК өнімінің жалпы көлемі 8,1 млн тоннаны құраса, соның 2,2 млн тоннасын (бұл шамамен 27,2 пайыз) дәл осы Қостанай облысының кәсіпорындары қамтамасыз етті.
Ал 2025 жылдың өзінде-ақ қостанайлық өндірушілер ЭКА құралдарының көмегімен 16,5 млрд теңгеден астам сомаға экспорттық жобаларды жүзеге асырды. Соңғы 5 жылда өңірге көрсетілген қолдаудың жалпы көлемі 128 млрд теңгеден асты. Мемлекеттік қаржылық-сактандыру тетіктері жергілікті кәсіпорындарға шикізат бағытынан арылып, өндірісті әртараптандыруға және қосылған құны жоғары, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік беріп отыр.
Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері өңірде заманауи технологияларды енгізіп, сыртқы нарықтарды бағындырып жатқан ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Мәселен, «Баян Сұлу» АҚ еліміздің кондитерлік саласының флагманы саналады, мұнда өнімнің 350-ден астам түрі шығарылады. Бүгінде компания өндіретін тауардың 45 пайызы экспортқа кетеді. Өнімдер Қытайға, ЕАЭО, Орталық Азия және Еуропа елдеріне жеткізіліп жатыр. Кәсіпорынның өсуіне өндірістік қуаттылықтарды жаңғырту мен мемлекеттік қолдау бағдарламаларын белсенді пайдалану оң ықпал еткен.
Тағы бір ірі нысан – «Терра» ЖШС. Бұл мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын қатар алып жүрген толық циклді агрохолдинг. Оның 80 мың гектар жер қоры бар, ал сыйымдылығы 25 мыңнан астам ірі қара малды құрайды. Кәсіпорын «Terra Meat» брендін дамыта отырып, Қытай, Өзбекстан және жақын шетел нарықтарына жоғары сапалы сиыр етін экспорттайды.
Ал «Промбаза-7» ЖШС бизнесті сәтті әртараптандырған кәсіпорын ретінде белгілі. 2020 жылы компания заманауи экстракция технологияларын қолдана отырып, рафинирленген және рафинирленбеген өсімдік майын шығаратын жоғары технологиялық зауытты іске қосты. Мұнда күнбағыс, рапс және зығыр майлары өндіріледі және өнімнің басым бөлігі сыртқы нарыққа бағытталған. Экспорт географиясы Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сияқты елдерді қамтиды. Өнімдер «Lavra», «Oil Sunny» және «Гармония» сауда белгілерімен сатылады.
ЭКА қолдауы машина жасау мен металлургиядан бастап, елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар тамақ өнеркәсібіне дейінгі негізгі салаларды қамтып отыр. Қазақстандық өнімдер Орталық Азия, Қытай, Ресей, Таяу Шығыс, Еуропа және Солтүстік Америка нарықтарында тұрақты сұранысқа ие.
Агенттіктің негізгі көрсеткіштеріне тоқталсақ, 2025 жылы ұйым 120-дан астам отандық экспорттаушыға жалпы сомасы 650 млрд теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті, оның ішінде 20 компания бұл көмекті алғаш рет алған. Қолдау тапқан жобалардың 70 пайыздан астамы шағын және орта бизнес сегментіне тиесілі. Жүзеге асырылған бастамалардың жиынтық экономикалық тиімділігі 2,3 трлн теңгеге бағаланып отыр.
Сонымен қатар, соңғы 10 жылда қолдау көлемі 2 трлн теңгеден асып, 350-ден астам экспорттаушы қамтылды. Ал 2026 жылдың толық емес 6 айында қолдау көлемі қазірдің өзінде 365 млрд теңгеден асты.
Бизнес арасында ең сұранысқа ие құралдардың бірі — экспорт алдындағы қаржыландыру. Бұл тетік коммерциялық банктер мен Қазақстанның Даму Банкі арқылы жылдық 12,6 пайыздан аспайтын жеңілдікті мөлшерлемемен шикізат сатып алуға айналым қаражатын ұсынады.
ЭКА мамандарының мәлімдеуінше, институттың стратегиялық міндеті – сыртқы сауда операцияларына жаңа кәсіпорындарды тарту және жаңа нарықтарға шығу кезіндегі тәуекелдерді азайту. Орта мерзімді перспективада Агенттік өз өнімдерін халықаралық стандарттарға бейімдеуді, жасанды интеллектіні енгізуді және қызметтерді толық цифрландыруды мақсат етіп отыр.
Бүгінгі таңда бизнеспен өзара іс-қимыл процесі айтарлықтай жеңілдетілген. Өтінімдерді қабылдау және олардың мәртебесін қадағалау ЭКА ресми сайтындағы жеке кабинет және bgov.kz (https://online.kazakhexport.kz/ru/login) порталы арқылы автоматтандырылған. Сондай-ақ халықаралық алаңдарда отандық брендтерді ілгерілетуге арналған «Экспорттаушылар витринасы» (https://export.bgov.kz/) цифрлық платформасы іске қосылды.
Шикізаттық емес тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді өндіруді және жеткізуді жүзеге асыратын кез келген отандық кәсіпорын Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің қызметтерін пайдалана алады.
