Декарбонизация және ESG курсы: Қазақстанның ЭКА экспорттаушыларды қолдау үшін ЭЫДҰ стандарттарын енгізуде | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Декарбонизация және ESG курсы: Қазақстанның ЭКА экспорттаушыларды қолдау үшін ЭЫДҰ стандарттарын енгізуде

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің (ЭКА) делегациясы Экспорттық кредиттер мен кредиттік кепілдіктер жөніндегі ЭЫДҰ Жұмыс тобының (Export Credits Group, ECG) 169-шы отырысына қатысты. Кездесу Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Париж қаласындағы штаб-пәтерінде өтіп, халықаралық қаржы институттарының, әлемдік экспорттық-кредиттік агенттіктердің, банк секторының және салалық бизнес қауымдастықтардың өкілдерін бір алаңға жинады.

Жаһандық консультациялардың негізгі тақырыбы экспорттық қаржыландыру қағидаларын реформалау болды. Онда ашықтықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту және экологиялық әрі әлеуметтік стандарттарды (Environmental and Social Due Diligence) қатаң сақтау мәселелеріне басымдық берілді.

Қазақстан үшін ЭЫДҰ Жұмыс тобының отырыстарына қатысу стратегиялық маңызға ие. Жауапты бизнес жүргізу қағидаттарын енгізу отандық шикізаттық емес экспорттың инвестициялық тартымдылығын арттыруға тікелей ықпал етеді.

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі өз қызметіндегі ішкі процестерді халықаралық үздік тәжірибелерге сәйкес кезең-кезеңімен жетілдіруде. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Агенттіктің 2025 жылы алғашқы ESG-рейтингін алуы болды. Бұл корпоративтік басқару сапасының жоғары деңгейін және экспорттық жобаларды іріктеу кезінде экологиялық әрі әлеуметтік тәуекелдерді бағалауға дайын екенін растады.

Париждегі талқылаулардың маңызды бөлігі климаттық есептілік пен портфельдерді көміртексіздендіру тетіктеріне арналды. Бұл мәселелер Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі бірнеше жылдан бері толыққанды мүшесі болып табылатын Net Zero Export Credit Agencies Alliance (NZECA) халықаралық альянсы аясында қарастырылды.

ЭЫДҰ алаңында Агенттік өкілдері шетелдік әріптестерімен «жасыл» экспортты қолдаудың практикалық құралдары мен климаттық тәуекелдерді бағалаудың жаңа әдіснамаларын талқылады. Бұл ЭКА-ға экологиялық технологияларды енгізіп жатқан қазақстандық экспорттаушылар үшін экспорт алдындағы қаржыландыру және сақтандыру өнімдерін неғұрлым икемді әрі технологиялық тұрғыдан жетілдіруге мүмкіндік береді.

«ЭЫДҰ сессияларына қатысу және NZECA альянсымен өзара іс-қимыл бізге ең өзекті қаржылық құралдарды жедел енгізуге мүмкіндік береді. Өткен жылы алған ESG-мәртебемізді ескере отырып, біз жаһандық үрдістерді сырттай бақылап қана қоймай, оларды қазақстандық бизнесті халықаралық нарықтарда қорғау мен ілгерілету мақсатында тиімді бейімдеп келеміз», – деп атап өтті Агенттік өкілдері.

Париждегі кездесулердің қорытындылары тұрақты даму және жауапты қаржыландыру қағидаттарын ескере отырып, отандық экспорттаушыларды қолдау құралдарын жетілдіруге бағытталған ЭКА жол картасын жаңартуға негіз болды.

consultation Кеңес ал!