Қазақстанның жетекші даму институттары шикізаттық емес экспортты дамыту үшін күш біріктірді | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Қазақстанның жетекші даму институттары шикізаттық емес экспортты дамыту үшін күш біріктірді

Бүгін «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, «Қазақстанның даму банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары), «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы өзара ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумға қол қойды.

Бұл құжат Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары аясындағы міндеттерді жүзеге асыруға және шикізаттық емес саладағы отандық өндірушілерді қолдау жүйесін күшейтуге бағытталған. Тараптар қазақстандық өнімнің экспорттық нарығын кеңейту, экспорттаушылар санын көбейту және шағын бизнестен бастап ірі экспортқа бағытталған компанияларға дейін кәсіпкерлікті дамыту үшін күш біріктіруге келісті.

Келісім аясында тараптар аналитикалық мәліметтерді, маркетингтік зерттеулерді  және сыртқы нарықтағы сын-қатерлер туралы ақпаратты тұрақты түрде алмасып отырады. Сонымен қатар халықаралық бизнес-форумдар мен көрмелерді ұйымдастыру кезінде бір-біріне қолдау көрсету  жоспарланып отыр.

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ басқарушы директоры Елена Абилова бұл бастаманың бизнес тұрақтылығы үшін маңызын атап өтті.

– Бұл меморандум отандық бизнесті қолдау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. «Атамекен», ҚДБ және QazTrade ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеу арқылы біз экспорттаушылардың сұранысын тез анықтап, оларға қажетті қаржылық және сақтандыру қолдауын уақтылы ұсына аламыз, – деді Е. Абилова

Меморандум аясындағы ынтымақтастық тұрақты түрде жүргізіледі. Тараптар сауда саласындағы кәсіпкерлерді қолдауға арналған жаңа ынталандыру тетіктерін әзірлеп, халықаралық интеграциялық ұйымдарда Қазақстанның мүддесін ілгерілету бағытында бірлесіп жұмыс істейді. 

consultation Кеңес ал!