Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі Chinese Grains & Oils Congress халықаралық конференциясына қатысты
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) Шанхай қаласында өткен Chinese Grains & Oils Congress халықаралық конференциясының екінші отырысына қатысты. Форумға Қазақстан, Қытай, Орталық Азия елдері, Еуропа және Оңтүстік Америкадан келген мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және агроөнеркәсіптік кешеннің жетекші компанияларының өкілдерін қоса алғанда, 250-ден астам делегат қатысты.
Инвестициялық және сауда ынтымақтастығына арналған сессия аясында ЭКА-ның ҚХР-дегі өңірлік директоры Чжаоцян Лю Қазақстанның шикізаттық емес экспортын қолдауға арналған экспорттық-кредиттік құралдарды таныстырды. Трансшекаралық операциялар кезінде тәуекелдерді төмендетуге және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің қайта өңдеу секторына инвестицияларды ынталандыруға мүмкіндік беретін қаржылық құралдарға ерекше назар аударылды.
Халықаралық конференция қатысушыларына экспорттық мәмілелерді қолдаудың негізгі құралдары ұсынылды:
Аванстық төлемдерді сақтандыру: импорттаушыларды тауар жеткізу міндеттемелерінің орындалмау тәуекелдерінен қорғау;
Сауда кредиттерін сақтандыру: Қазақстаннан экспорттық мәмілелерді банктік қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту;
Жобалық қаржыландыруды сақтандыру: Қазақстанда бірлескен қайта өңдеу кәсіпорындарын құруға бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды қолдау.
Аталған құралдарды енгізудің өзектілігі аграрлық сектордағы өзара сауданың тұрақты өсуімен расталады. Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының деректері бойынша, 2025 жылдың 9 айында Қазақстанның ҚХР-ға аграрлық өнім жеткізу көлемі 22%-ға артып, 908,3 млн АҚШ долларына жетті.
Ең айқын оң динамика жоғары технологиялық және қайта өңдеу сегменттерінде тіркелді. Атап айтқанда, күнбағыс шротының экспорты 2,6 есе, майлы зығыр – 89%-ға, күнбағыс тұқымы – 47%-ға, ал күнбағыс майы – 6%-ға өсті. Аталған өнімдер бойынша жеткізілімдердің жиынтық көлемі 560 мың тоннадан асты. Сонымен қатар, жемдік ұн экспорты айтарлықтай өсіп, абсолюттік мәнде 2 млн тоннадан асты.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мен Қазақстанның Даму Банкі отандық май-тоң май өнімдерін өндірушілерді қолдауға бағытталған бірлескен бағдарламаны жүзеге асыруда. Бағдарлама экспорт алдындағы қаржыландыруды қамтиды және қолданыстағы экспорттық келісімшарттар болған жағдайда майлы дақылдарды форвардтық сатып алуға бағытталған.
Аталған бағдарламаны іске асыру өндіріс көлемін ұлғайтуға және қазақстандық өндірушілердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуына ықпал етіп, қайта өңдеушілер тарапынан тұрақты сұраныс есебінен фермерлер үшін тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
