«Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобы Пәкістанмен инвестициялық және қаржылық ынтымақтастығын кеңейтпек.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістан Ислам Республикасына ресми сапары аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басшылығы екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған бірқатар келіссөздер өткізді.
Холдинг Басқарма төрағасы Рүстам Қарағойшиннің жетекшілігімен бейінді делегацияның жұмысы ұйымдастырылды. Делегация құрамына еншілес ұйымдардың басшылары — «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Аллен Чайжунусов, «Қазақстанның даму банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаев және «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова кірді.
Сапар барысында делегация Пәкістанның жетекші қаржылық және инвестициялық институттарының, сондай-ақ ірі логистикалық, инфрақұрылымдық және венчурлық компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, TCS Private Limited, Teamup Ventures, Fauji Foundation, House Building Finance Company, Habib Bank Limited, Meezan Bank Limited, Classic Industrial Trading Pvt. Ltd, Norson Chemical Industries және Askari Bank компанияларымен келіссөздер жүргізілді.
Кездесулер барысында бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру перспективалары, сауда және жобалық қаржыландыруды дамыту, логистикалық бағыттарды кеңейту, сондай-ақ исламдық қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық тұрғыда іске асыру мақсатында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің құралдарын қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Агенттік шикізаттық емес экспортты дамытуға және сыртқы сауда операциялары тәуекелдерін төмендетуге бағытталған сақтандыру және қаржылық құралдардың кешеніне ие. Атап айтқанда, агенттік экспорттық келісімшарттарды сақтандыруды, сондай-ақ қазақстандық тауарлар мен қызметтердің шетелдік сатып алушыларын қаржыландыруды көздейді, бұл отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және екіжақты тауар айналымын кеңейтуге ықпал етеді.
«Инвестициялық холдинг ретіндегі жаңа мәртебеде “Бәйтерек” холдингі ұзақ мерзімді әріптестіктерді қалыптастыруға және жоғары қосылған құны бар жобаларды сүйемелдеуге бағдарланған. Біз Пәкістанды сауда-инвестициялық өзара іс-қимылды дамытудағы перспективалы серіктес ретінде қарастырамыз және екі ел бизнесінің бірлескен жобаларын іске асыру үшін қаржылық әрі инвестициялық құралдарды ұсынуға дайынбыз», — деп атап өтті Рүстам Қарағойшин кездесулер барысында.
Сонымен қатар Холдинг өкілдері Қазақстан мен Пәкістанның мемлекеттік органдары, квазимемлекеттік сектор және бизнес қауымдастықтары қатысқан Қазақстан–Пәкістан бизнес-форумына қатысты. Форум инвестициялар, логистика, көлік, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, қаржылық қызметтер және цифрлық шешімдер салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға арналған негізгі алаңға айналды. Форум аясында бірқатар кездесулер өтіп, екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі ұйымдастырылды.
Сапардың негізгі практикалық нәтижесі бірқатар стратегиялық құжаттарға қол қойылуы болды, атап айтқанда:
- «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, Kazakh Grain Corporation Ltd және Пәкістанның логистикалық TCS Private Limited компаниясы арасындағы меморандум. Құжат көлік инфрақұрылымын дамытуға, жеткізу тізбектерін оңтайландыруға және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға, оның ішінде Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған;
- Habib Bank Limited банкімен ынтымақтастық туралы меморандум. Келісім сауда қаржыландыруы саласындағы өзара іс-қимылды, банк сараптамасымен алмасуды және қазақстан-пәкістан бірлескен жобаларына инвестициялар тартуға жәрдемдесуді көздейді.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын стратегиялық жобаларды іске асыру үшін халықаралық қаржы орталықтарының әлеуетін және исламдық қаржыландыру құралдарын пайдалану ниетін растады.
