Биыл Астанада Берн Одағының отырысы өтеді | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Биыл Астанада Берн Одағының отырысы өтеді

Биыл 11-14 мамыр аралығында Астанада Берн Одағының кезекті көктемгі отырысы өтеді. Беделді халықаралық іс-шара ТМД кеңістігінде алғаш рет ұйымдастырылмақ.

Берн Одағының Қазақстандағы отырысы әлемнің 70-тен астам елінен 200-ден аса қаржы саласының жетекші сарапшыларын біріктіреді. Іс-шараға экспорттық-кредиттік агенттіктердің, эксимбанктердің, халықаралық қаржы институттарының және жеке ірі сақтандыру компанияларының өкілдері қатысады. Олардың қатарында Bpifrance, Credendo, Euler Hermes, SACE, SINOSURE, US EXIM сынды жетекші ұйымдар да бар.

Іскерлік бағдарлама аясында Берн Одағының пленарлық отырыстары, экспорттық-кредиттік агенттіктер комитетінің жұмыс сессиялары, сондай-ақ Прага клубының отырысы жоспарланған.

Алдағы жиынның тақырыбы «Қиылыс». Бұл ұғым экспорттық кредиттеу жүйесінің жаһандық деңгейдегі негізгі сын-қатерлері мен трансформациясын айқындайды. Күн тәртібінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдану, геосаяси және салалық өзгерістер жағдайында экспорттық-кредиттік агенттіктердің жаңа индустриялық әрі саяси шешімдерге бейімделуі, тәуекелдерді бағалау мен сақтандыру өнімдерін басқаруда инновациялық тәсілдерді енгізу, сондай-ақ экспортты ынталандыруға қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері қарастырылады.

Мұндай халықаралық алаңдарға қатысу Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Берн Одағы аясындағы іс-шаралар халықаралық инвесторлардың сенімін арттыруға, отандық компаниялардың шетелдік серіктестер арасындағы танымалдылығы мен инвестициялық тартымдылығын күшейтуге, сондай-ақ экспортқа несие тарту мен сақтандыру саласындағы озық әлемдік тәжірибелерді енгізуге ықпал етеді.

Отырысты ұйымдастыратын «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов Берн Одағының сараптамалық отырысын Қазақстанда өтуінің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Берн Одағы – экспортты қолдау саласында жаһандық стандарттар қалыптасатын беделді кәсіби қауымдастық.

«Біз Астанада өтетін бұл отырысты Берн Одағының күнтізбесіндегі кезекті іс-шара ретінде ғана емес, ынтымақтастықты нығайтуға, инновацияларды ілгерілетуге, тұрақты даму мен өсім мәселелерін талқылауға арналған маңызды халықаралық платформа ретінде қарастырамыз. Агенттіктің осы диалогтарға белсенді қатысуы Қазақстанды халықаралық сауда жүйесінде сенімді әрі ашық әріптес ретінде танытуға мүмкіндік береді», – деді А. Шәйжүнісов.

Берн Одағы экспорттық кредиттеу және инвестицияларды сақтандыру саласындағы жаһандық қағидалар мен стандарттарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бүгінде Одаққа мүше ұйымдар жыл сайын банктерге, экспорттаушыларға және инвесторларға төлем тәуекелдерінен шамамен 2,5 триллион АҚШ доллары көлемінде сақтандыру қорғанысын ұсынады. Бұл көрсеткіш жаһандық трансшекаралық сауда айналымының шамамен 13 пайызын құрайды.

 

consultation Кеңес ал!