Башқұртстанның бизнес-қоғамдастығына ЭКА құралдары таныстырылды
«Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның Татарстан Республикасындағы өңірлік директоры Ренат Калиев Уфада өткен Халықаралық бизнес апталығына қатысып, «Башқұртстан — Қазақстан: әріптестік және экспорттық мүмкіндіктер» сессиясында спикер ретінде сөз сөйледі.
Өз баяндамасында ол Экспорттық-кредиттік агенттіктің негізгі құралдарын, соның ішінде сақтандырумен қамтылған төлемді кейінге қалдыру тетігін таныстырды. Аталған құрал өңіраралық ынтымақтастықтың тиімді драйвері ретінде өзін дәлелдеп, Башқұртстан мен Қазақстан кәсіпорындарына қауіпсіз әрі тұрақты сауда-экономикалық қызмет жүргізу үшін жаңа кепілдіктер ұсынады.
Іскерлік бағдарлама аясында Р. Калиев QazTrade қолдауымен ұйымдастырылған сауда-экономикалық миссияға және B2B-келіссөздерге қатысты. Дистрибьюторлармен, сауда желілерімен және өнеркәсіптік кәсіпорындармен өткен кездесулер барысында перспективалы пилоттық жобалар, кооперациялық форматтар және қазақстандық өндірушілер өнімін өңірге жеткізуді кеңейту мүмкіндіктері талқыланды.
Халықаралық бизнес апталығына ЭКА-ның қатысуы Қазақстан мен Башқұртстан Республикасы арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға, кооперацияны дамытуға және тұрақты экспорт-импорттық тізбектерді қалыптастыруға ықпал етеді.
