ЭКА Қазақстандағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мен экспорттық әлеуетті кеңейту мәселелерін талқылады | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

ЭКА Қазақстандағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мен экспорттық әлеуетті кеңейту мәселелерін талқылады

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) XXI Өңіраралық Қазақстан-Ресей ынтымақтастық форумына қатысты. Іс-шара Орал қаласында өтті.

Форумның басты тақырыбы – тұрақты экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші ретінде жұмысшы мамандықтарын дамыту.

Пленарлық және секциялық отырыстарда цифрландыру, көлік, логистика, өнеркәсіп және энергетика салаларында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды. Сондай-ақ өңірлерде жаңа жоғары технологиялық жұмыс орындарын ашу, энергетика саласы үшін мамандар даярлау және заманауи агротехнологияларды енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Ауыл шаруашылығы мен сектордағы өнімдерді терең өңдеу ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде белгіленді. Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіптік кешен бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады. Ол салаға ғылыми және технологиялық қолдау көрсету, ветеринариялық және фитосанитариялық жүйелерді біріктіру, сондай-ақ агробиотехнологиялық парк құруды қамтиды.

Сондай-ақ үкіметаралық деңгейде астықты терең өңдеу бойынша бірлескен кластерлерді дамыту бастамасы қолдау тапты. Бұл бағыт шикізатты экспорттау емес, крахмал, ақуыз концентраттары, мал азығы және биохимиялық өнімдер сияқты жоғары қосылған құнды өнім өндіруге бағытталған. Сонымен қатар ет пен сүт кластерлерін дамыту, майлы дақылдарды өңдеу және заманауи жылыжайлар салу жоспарланып отыр.

Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесі отырысы аясында ЭКА-ның Татарстандағы өңірлік директоры Ренат Қалиев баяндама жасап, Агенттіктің отандық өндірушілерді қолдаудағы және екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытудағы стратегиялық міндетін атап өтті.

«Қазір ЭКА тек экспорттық тәуекелдерді сақтандыратын қаржы ұйымы емес, сонымен бірге елдің индустриялық және сыртқы экономикалық дамуына үлес қосатын маңызды құрал болып отыр. ЭКА қазақстандық кәсіпорындардың жаңа нарықтарға шығуына көмектеседі, бірлескен өндірістерді дамытуға қолдау көрсетеді және қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтердің тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастырады. Бүгінде экспорт – тек тауар сату емес, технологиялармен алмасу, жаңа дағдыларды дамыту және өндірістік ынтымақтастықты нығайту. Біздің мақсатымыз – қазақстандық бизнеске өңірлік және халықаралық деңгейде елдің экономикалық беделін арттыруға мүмкіндік беретін тиімді құралдар ұсыну», – деді ол.

Форум қорытындысы бойынша В2В кездесулер шеңберінде Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Олардың ішінде Татарстан Республикасының «Болашақ» ЖШҚ мен Абай облысының «KondiZ» ЖШС арасында ЭКА сақтандыру қамтылымы аясында азық-түлік өнімдерін жеткізу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум бар.

Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, іскер топтарының және салалық қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Форум қорытындысы бойынша ЭКА импорттаушының сапары жөнінде хаттама рәсімдеді, бұл Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың кезекті қадамы болды.

consultation Кеңес ал!