ЭКА Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу үшін сақтандыру қолдауының жаңа арналары мен тетіктерін ашады
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) Азиядағы ең ірі сауда-экономикалық іс-шаралардың бірі — China International Import Expo (CIIE) сегізінші Қытай халықаралық импорт тауарлары мен қызметтер көрмесіне қатысты. Бұл көрме әлемнің түкпір-түкпірінен келген өндірушілер мен сатып алушыларды біріктіретін маңызды алаң болып табылады.
CIIE көрмесі Қытай Халық Республикасының Үкіметінің қолдауымен 2018 жылдан бері өткізіліп келеді және халықаралық сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға арналған стратегиялық платформа ретінде қызмет етеді. 2025 жылы көрменің жалпы алаңы 420 мың шаршы метрден асты, ал жоғары технологиялық машина жасау, инновациялық материалдар және теңіз инженериясы сияқты негізгі салаларда 400-ден астам жаңа өнімдер, технологиялар мен қызметтер ұсынылды.
CIIE өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде көрмеге 10 мыңнан астам компания қатысып, Қытай нарығына 2 400-ден астам жаңа өнім мен қызмет енгізілді. Биыл Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш тіркелді – ұлттық стендте 100-ден астам отандық өндіруші өз өнімдерін таныстырды.
Көрме аясындағы іскерлік бағдарламада ЭКА делегациясы Қытайдың жетекші компанияларының өкілдерімен, соның ішінде Xiamen ITG Group (ITG) және COSCO SHIPPING Lines (COSCO) компанияларымен тікелей келіссөздер өткізді.
Шанхайдағы ITG кеңсесінде өткен кездесуде ЭКА Басқарма төрағасы Аллен Чайжунусов Агенттіктің қызметін және қазақстандық экспорттаушыларға арналған мемлекеттік қолдау құралдарын, соның ішінде экспорттық тәуекелдерді сақтандыру мен саудалық қаржыландыру өнімдерін таныстырды.
ITG компаниясының төрағасы Лю Чуньвэй бұл тетікті Қазақстанның Астық консорциумымен, «Сей-Нар» өндірістік кешенімен және басқа да агроөнеркәсіптік өнім жеткізушілермен сауда операцияларында қолдануға дайын екенін білдірді. Жоспарланған аванстық төлемдердің көлемі 20–30 млн юаньды (шамамен 1,4–2,3 млрд теңге) құрайды, жылдық айналым төрт жеткізу циклына дейін жетуі мүмкін. Алдағы уақытта ITG өкілдерінің Қазақстанға сапары нәтижесінде өзара түсіністік туралы хаттамаға қол қою жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі теңіз контейнерлік тасымалдаушылардың бірі — COSCO SHIPPING Lines жыл сайын ITG компаниясына Қытайға Қазақстаннан тауар жеткізу үшін 10 000 контейнерге дейін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл ынтымақтастық экспорттық логистиканың тиімділігін арттырып, жеткізуді оңтайландыруға және Қазақстанның халықаралық саудадағы сенімді серіктес ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
ЭКА Басқарма төрағасы Аллен Чайжунусов атап өтті:
«Экспорттық тәуекелдерді хеджирлеу және қаржы-сақтандыру тетіктерін құрылымдау арқылы ЭКА отандық экспорттаушылар үшін жеңілдетілген жағдайлар жасап, олардың Азияның ең ірі нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қытайлық серіктестердің қазақстандық өнімге қызығушылығы оның инвестициялық тартымдылығын дәлелдейді. Біз экспорттық операциялардың үздіксіз жүзеге асуын толықтай қамтамасыз етуге дайынбыз».
ЭКА-ның China International Import Expo сияқты халықаралық көрмелерге қатысуы қазақстандық өнімдерді жаһандық нарықтарға ілгерілетуге, елдің сыртқы экономикалық әлеуетін нығайтуға және тұрақты сауда-қаржылық байланыстарды қалыптастыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, Қытайдағы ЭКА өкілдігі Чжуоцян Лю (Zhuoqiang Liu) арқылы көрсетіледі. Ол Агенттіктің қолдау құралдарын қытайлық импорттаушылар арасында ілгерілетуге, негізгі серіктестердің қаржылық тұрақтылығы мен сенімділігін мониторингтеуге және қазақстандық экспорттаушылардың өнімдерін ҚХР нарығына шығару бойынша мәмілелерге қатысушыларға кеңес беруге жауапты.
