Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі кәсіпкерлерге білім беру қолдауын кеңейтуде
АО «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» (ЭКА) еліміздің барлық өңірлерінде кәсіпкерлерге арналған бірқатар оқу семинарларын өткізді. Бұл бастама «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «QazTrade» АҚ, «QazIndustry» АҚ, «Qazpatent» ҰЗМИ, «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүзеге асырылды.
Семинарлар Zoom платформасында онлайн форматта өтті және 17 облыс орталығы мен республикалық маңызы бар қалалар — Алматы, Шымкент және Астананың кәсіпкерлерін қамтыды. Қатысушылар бизнеске мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат алды, соның ішінде экспорттық келісімшарттарды сақтандыру және кепілдендіру, қаржыландыру құралдары мен өңдеуші экспортқа арналған сервистер жайлы мағлұмат берілді.
Интерактивті форматтың арқасында кәсіпкерлер тек жаңа білім алып қана қоймай, сонымен қатар экспортқа шығу кезінде кездесетін нақты жағдайларды сарапшылармен талқылау мүмкіндігіне ие болды.
«Біз бизнестің мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпаратқа деген сұранысының артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біздің міндетіміз — кәсіпкерлерді тек теориямен ғана емес, сонымен қатар практикалық құралдармен және олардың сұраныстарына жауаптармен қамтамасыз ету. Семинарлар бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы алшақтықты қысқартуға көмектеседі, ал цифрлық технологиялар бұл үдерісті барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етеді», — деп атап өтті Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі.
Негізгі бағдарламадан бөлек, қосымша іс-шаралар да өтті: серіктес компаниялардың қатысуымен KIT қауымдастығы мүшелері үшін офлайн-семинар, ЭКА-ның бизнес-тренері Шарбану Байгошқарованың «QazTrade» АҚ ұйымдастырған экспорттаушыларға арналған тренингтегі таныстырылымы, сондай-ақ ЭКА-ның Алматыдағы өкілдігінің директоры Абай Қалқаевтың Қазақстан экспорттаушылар қауымдастығы мүшелеріне арналған Экспорт академиясының семинарына қатысуы.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі кәсіпкерлерге практикалық білім беріп, мемлекеттік қолдау құралдарына қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, білім беру бағытын және бизнесті ақпараттық сүйемелдеуді белсенді дамытып келеді. Ерекше назар цифрландыру мен жасанды интеллектке аударылуда, бұл клиенттермен өзара әрекеттесуді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Цифрлық сервистерді дамыту нәтижесінде агенттік қызметтерін алу оңайырақ болды: экспорттаушылар өтінімді ЭКА-ның ресми сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе bgov.kz порталында бере алады. Жүйе өтінімнің мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, ЭКА қызметтерін Қазақстанның кез келген өңдеуші сектордағы кәсіпорны пайдалана алады.
