Жаңа өнімдер: ЭКА экспорттаушыларға арналған семинар өткізді
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Алмас Қалқаев өңір кәсіпкерлеріне экспорттаушыларды қолдаудың заманауи тетіктеріне арналған семинар өткізді. Іс-шара «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы аумағында ұйымдастырылды.
Семинарға логистика, агроөнеркәсіп кешені, жеңіл және тамақ өнеркәсібі сияқты экономиканың түрлі салаларын қамтитын 20-дан астам ірі кәсіпорынның өкілдері қатысты.
Алмас Қалқаев Агенттіктің жаңа өнімдерін таныстыра отырып, жақында іске қосылған кепілдік беру құралдарының басым тұстарын атап өтті. Оның айтуынша, бұл механизмдер экспорттаушыларға келісімшарт аясында туындайтын тәуекелдерді азайтуға және халықаралық тендерлерге қатысуға мүмкіндік береді.
2025 жылдың басынан бері ЭКА бірнеше кепілдік шығарды. Олардың қатарында Өзбекстанға ірі қара малға арналған пластикалық таңба белгілерін экспорттау және осы елде кәріз жүйелері мен жаңа сорғы станцияларын салуды көздейтін келісімшарттар бар.
Семинар барысында экспортты алдын ала қаржыландыру құралы да талқыланды. Бұл құрал кәсіпорындарға шикізат сатып алуға, өндіріс процесін жүргізуге және дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Іс-шара қатысушылары үздіксіз қаржы тартудың өндірістік қызмет үшін аса маңызды екенін алға тартты.
Кездесуді қорытындылаған Алмас Қалқаев отандық өндірушілерді қолдау жүйесін әрдайым жетілдіріп отыр қажеттігін айтты:
«Халықаралық нарыққа шығуды көздеген кез келген кәсіпорын ЭКА қызметіне жүгіне алады. Біз қолдау құралдарын бизнес қажеттілігіне сай қылып, одан әрі кеңейтуді жалғастыра береміз. Осындай іс-шаралар клиенттердің сұранысын тереңірек түсініп, экспорт процесінде пайда болатын қиындықтарға дер кезінде жауап беруге жол ашады».
