ЭКА қолдауының арқасында Шымкент кәсіпорны Қытай нарығына шықты
Шымкент қаласындағы металл өңдеумен айналысатын «Stroi Construction» ЖШС алғаш рет Қытай нарығына шықты. Компания бұл жетістікке «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) қолдауының арқасында қол жеткізді.
Stroi Construction 2020 жылы құрылып, бірден пандемия кезінде туған шектеуге, логистика мен өндірістегі қиындықтарға тап болды. Крмпания соған қарамастан, барлық кедергіге төтеп беріп, жылына 3 мың тоннадан астам жоғары сапалы өнім шығаратын деңгейге жетті. Бүгінде зауыт 1,5 мыңнан астам өнім түрін өндіреді. Атап айтқанда, стандартты профильдерден бастап, тапсырыс берушілердің жеке сұранысы бойынша жасалған бірегей конструкцияларға дейін шығарады.
Сапасы жоғары өнім тек аймақ көлемінде ғана емес, шетелде де сұраныс тапты. Кәсіпорын осы жылдың өзінде-ақ Түркия, Өзбекстан және Қырғызстанға жалпы сомасы 1,8 миллион АҚШ доллары болатын 800 тонна алюминий экспорттады. Енді ЭКА қолдауымен Қытай нарығына да жол ашылып отыр.
Қытай сияқты талабы қиын нарыққа шығу, тіпті, тәжірибелі экспорттаушылар үшін де оңай емес. Компания басшылығы ЭКА қолдауынсыз бұл нарыққа шығу мүмкін емес екенін жеткізді.

«Қытай нарығына шығу өте қиын, себебі бұл ел әлемдік саудада өндіруші әрі экспорттаушы ретінде үстемдік етеді. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің қолдауымен біз мақсатымызға жетіп, жаңа нарықты беттеп отырмыз. Біз төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігімен өндіріс көлемін арттырып отырмыз. Барлық төлем бойынша тәуекел Агенттік тарапынан сақтандырылған. Бұл шағын және орта бизнес үшін аса маңызды көмек», – деді «Stroi Construction» ЖШС коммерциялық директоры Дінмұхамед Қалдыбек.
2025 жылдың 19 маусымында ЭКА Stroi Construction компаниясына алюминий құймаларын жеткізу экспорттық келісімшарты аясында төлемді кейінге қалдыруды сақтандыру қызметін ұсынып, Қытайдан импорттаушы тауып берді.
Бұл серіктестік өте нәтижелі болып, кәсіпорын Агенттіктің басқа да қолдау құралдарын пайдаланды. ЭКА зауытқа коммерциялық банк арқылы алдын ала экспортты қаржыландыру құралын ұсынды. Бұл жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен берілген қаражат Stroi Construction компаниясына қажетті шикізатты сатып алып, экспортқа жоспарланған өнім көлемін арттыруға мүмкіндік бермек.
.jpg)
«Біз өз экспорттаушыларымызға шетел нарығына шығу, өндірісті жаңғырту, жаңа жабдықтар сатып алу немесе басқа да инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деді ЭКА Басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанова. – «Stroi Construction» компаниясымен жасалған мәміле сақтандыру және алдын ала экспорттық қаржыландыру құралдарын үйлестіру арқылы қазақстандық компаниялардың жаңа нарықтарға шығуының және өз өндірісін кеңейтудің жарқын көрінісі екені анық. Бұл кәсіпорынның қызметі Шымкент қаласының экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті өндірісті ынталандыруға оң әсерін тигізеді».
Бүгінде Шымкенттегі бұл металл өңдеу кәсіпорны 150-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Компанияда лазерлік кесу технологиясы мен қуатты құю цехы бар, бұл кез келген күрделі тапсырысты жоғары дәлдікпен және қысқамерзімде орындауға мүмкіндік береді.
Қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, Stroi Construction басшылығы өз алдына үлкен мақсат қойып отыр: 2026 жылға қарай мырыштау және құбыр зауыттарын іске қосуды жоспарлаған.
ЭКА өңірлердегі қазақстандық экспорттаушыларды қолдауды жалғастырып, отандық бизнестің халықаралық нарықтағы мүмкіндіктерін арттырып келеді.
Осы жылдың алғашқы жартыжылдығының алдын ала қорытындысы бойынша ЭКА 40-тан астам отандық экспорттаушыға жалпы сомасы 300 миллиард теңге болатын қолдау көрсетті. 2025 жылдың соңына дейін Агенттік экспорттық операцияларды қолдауды 600 миллиард теңгеден астам сомаға жеткізуді жоспарлап отыр.
