ЭЫДҰ стандарттарын Қазақстанда енгізу жолдары талқыланды
ЭКА Париждегі Экспорттық кредиттер жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) Парижде өткен экспорт несиелері және кепілдіктер жөніндегі жұмыс тобының 166-шы отырысына қатысты.
Іс-шараға жұмыс тобына қатысушы елдердің ресми делегациялары, сондай-ақ Қазақстан, Украина, Қытай және Сауд Арабиясының бақылаушы мәртебесін алған өкілдері жиналды. Шақырылған ұйымдардың қатарында Берн одағы, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры бар.
Отырыста Дүниежүзілік банктің сақтандыру жіктемесінің әдіснамасын реформалау жөніндегі бастамаларына баса назар аударылды. Одан бөлек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бизнес-трендтердің талдамалық деректері ұсынылды. Қатысушыларға сондай-ақ нөлдік шығарындыларға қол жеткізу бойынша NZECA (Net Zero Export Credit Agencies Alliance) жұмыс жоспары мен оның алдын ала нәтижелері таныстырылды.
Экологиялық және әлеуметтік стандарттар бойынша пікірталас барысында экспортты қаржыландыру кезіндегі экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікке қойылатын біріздендірілген талаптар бекітілді.
Сонымен қатар қатысушылар экспорттық жобаларды қаржыландыру бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі рекомендациялардың орындалу барысын қарастырды.
Айта кетейік, Жұмыс тобының келесі отырысы 2025 жылдың күзіне жоспарланған.
