ЭКА Орталық Азия банктері үшін қосымша лимиттер белгіледі | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

ЭКА Орталық Азия банктері үшін қосымша лимиттер белгіледі

«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) Өзбекстан мен Қырғызстан банкі үшін аккредитивтерді сақтандыруға арналған жаңа лимит бекітті. 

Бұл саудаға қаржы тартуды күшейтуге және Қазақстанның Орталық Азия елдеріне экспорттайтын тауарлар тізбегін арттыруға көмектеседі.

Атап айтқанда, Қырғызстанның «О!Банк» ААҚ үшін лимит мақұлданды. Оның арқасында экспортпен айналысатын қазақстандық компаниялар қаржы тартып, аккредитивтерді сақтандыра алады. Осы жоба аясында салқындатылған сусындар мен машина жасау секторының өнімдері, атап айтқанда көліктер мен қосалқы бөлшектер шетел нарығына шығып жатыр. 

Одан бөлек, ЭКА мен Өзбекстандағы «Асакабанк» АҚ арасында экспортты қолдау бойынша жаңа келісім орнатылды. Орнатылған серіктестік шеңберінде отандық өсімдік майы экспортталады.

Бүгінде ЭКА Орталық Азияның басты қаржы институттарымен берік қарым-қатынас орнатып отыр. Агенттік «Ориент Финанс» ЖАКБ, «Узпромстройбанк» АКБ, «Tenge Bank» АКБ, «Капиталбанк» АКБ, «Амонатбонк» МУК, «Ориёнбанк» ААҚ және тағы басқа банктермен тікелей жұмыс істейді. Осы серіктестік аясында белгiленген қаржыландырудың жиынтық лимитi 170 миллион АҚШ долларынан асады. 

ЭКА сауданы қаржыландыру тетігін экспорт географиясын кеңейтетін стратегиялық құрал ретінде қарастырады. Бұл туралы ЭКА Басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанова мәлімдеді. 

«Қазақстандық экспорттаушылардың көрші нарықтардағы позициясының нығаюы бизнес үшін жаңа жол ашады, валютаның өсуіне ықпал етеді және елдің инвестициялық мүмкіндігін арттырады. Отандық өңдеу саласының өніміне Орталық Азия елдерінде сұраныс жоғары екені белгілі. Осы ретте көрші елдердің қаржы институттарымен серіктестікті күшейткен жөн. ЭКА ұсынатын саудалық қаржыландырудың ерекшелігі – шетелдік банктер мен импорттаушылардың жақсы жеңілдікпен қаржы тарта алуы. Бұл оларға аккредитивті есеп айырысу формасын пайдалана отырып, қауіпсіз жағдайда қазақстандық тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді», - деп толықтырды М. Ержанова.

Айта кетейік, ЭКА ұсынған экспорт алдындағы және экспорттық-сауда қаржыландыру көлемі 2024 жылы 30 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 56,4 пайызға артқан. 

consultation Кеңес ал!