Люблянада сақтандыру өтеміне арналған экспорттық-кредиттік агенттіктердің отырысы өтті
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) өкілдері Любляна қаласында (Словения) өткен сақтандыру өтемдері жөніндегі халықаралық кеңеске қатысты.
Іс-шараны SID Bank және Berne Union бірлесіп ұйымдастырды.
Отырыстың негізгі мақсаты – Berne Union мүшелері арасында шағымдарды қарастыру, сақтандыру өтемін рәсімдеу және алаяқтық фактілер бойынша тәжірибе алмасу.
Кездесу барысында қатысушыларға кейінгі жылдардағы Berne Union мүшелерінің сақтандыру төлемдері мен өтемақыларының статистикасы көрсетілді. Кеңестің басым бөлігі әлемдегі геосаяси жағдай мен нарықтағы жаңа тенденцияларға арналды. Одан бөлек, осы жылдың негізгі трендтерінің экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру нарығына қалай әсер етіп жатқаны талқыға түсті.
ЭКА Сақтандыру және кепілдік төлемдері департаментінің директоры Ілияс Ермұхамбетовтің айтуынша, биылғы нарық жағдайында сақтандыру төлемдерінің мониторингі ерекше назар аударып, терең талдауды талап етеді.
«Бүгінгі кеңес контрагенттердің несие рейтингін дәлірек анықтау мақсатында тәуекелдерді бағалау әдістемелерін өзектендіру үшін бірегей платформа бола алды. Осындай халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық экспортты несиелеу мен инвестициялық сақтандыру саласының жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін аса маңызды императив болатынына сенімдіміз», – деп атап өтті И. Ермұхамбетов.
Жиын соңында ЭКА өкілдері бірқатар экспорттық-кредиттік агенттік пен эксимбанктердің басшыларымен кездесу өткізіп, сақтандыру өтемі бойынша әріптестікті дамыту және нығайту мәселелерін талқылады. Ортаға салынған мәселелер қатарында Агенттіктің қазіргі сақтандыру кейстері де атап өтілді.
