Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі жоғары экологиялық рейтинг алды
Қазақстан жаңалықтары агенттігінің тілшісі хабарлағандай, халықаралық рейтингтік агенттік Sustainable Fitch Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігіне (ЭКА) ESG-деңгейі бойынша 3 деңгейлі рейтинг берді. Бұл агенттіктің тұрақты даму стратегиясын әзірлеу және оны интеграциялау бағытында елеулі ілгерілеушілікке қол жеткізгенін көрсетеді.
Агенттік – Қазақстандағы даму институттарының бірі болып табылады. Ол басым салалардағы шикізаттық емес сектор өнімдерінің экспортын өсіруге кепілдік беру және сақтандыру құралдары арқылы қолдау көрсетеді. ЭКА – «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы.
2023 жылы ЭКА нөлдік көміртек шығарындылары бойынша Экспорттық-кредиттік агенттіктердің халықаралық Альянсының аффилиирленген мүшесі болды. Агенттік қазақстандық экспорттаушылардың төменкөміртекті экономикаға көшуіне қолдау көрсету, шығарындыларды азайтуға жәрдемдесу және стратегиялық басымдықтарды экологиялық бейтарап әрі климаттық тұрғыда орнықты жобалар мен инвестициялар бағытында қайта бағдарлау жөніндегі міндеттемелерді өзіне алды.
– Алдағы онжылдыққа арналған даму жоспарымыз тұрақты дамуды белсенді ілгерілетуге, декарбонизацияға және климаттың өзгеруімен күресуге ұмтылатын ESG-жобалар мен компанияларды қолдауға бағытталған. Практикалық қадамдардың бірі ретінде ЭКА ESG критерийлеріне сай келетін экспорттаушыларға сақтандыру тарифіне жеңілдік ұсынып отыр. Бұл компанияларды орнықты тәсілдерді енгізуге ынталандырады және қазақстандық экспорттың экологиялық әсерін азайтуға ықпал етеді. Sustainable Fitch агенттігінің рейтингі бізді жаһандық тұрақты даму жолында жаңа биіктерге жетелеуге жігер береді, – деді ЭКА басқарма төрағасы Аллен Чайжунусов.
Агенттік стратегиялық экспорттық секторларды қолдай отырып, қазба отын мен көмір өндіруге қатысты шектеу саясатын қолданады. ЭКА-ның сақтандыру портфеліндегі экспорттаушылардың жартысынан астамы – шағын және орта бизнес өкілдері.
– Біз ЭКА-ның корпоративтік басқару профилін оң бағаладық. 2023 жылы агенттік ESG-тәуекелдерді ескеріп, тәуекелдерді басқару саясатын жаңартты. Сондай-ақ, ESG стандарттарын өз қызметіне енгізіп жатқан клиенттерге сақтандыру сыйақысына жеңілдіктер ұсынуда, – деп атап өтті Sustainable Fitch өкілдері.
Дереккөз: Kazinform