Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Swiss Re компаниясымен ынтымақтастығын нығайтып келеді
Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Swiss Re компаниясымен ынтымақтастықты нығайтуда
«Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Аян Бектыбаева әлемдегі жетекші қайта сақтандыру компанияларының бірі — Swiss Reinsurance Company өкілі Магнус Нигш мырзамен кездесу өткізді.
Swiss Reinsurance Company (Swiss Re) — 125 жылдық тарихы бар, халықаралық сақтандыру нарығының алдыңғы қатарлы қатысушысы. Swiss Re 2021 жылдан бастап Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігімен тұрақты және тиімді серіктестік орнатып келеді.
Кездесу барысында тараптар қайта сақтандыру сыйымдылығын арттыру перспективаларын талқылады. Бұл ЭКА-ның тәуекелдерге деген тәбетін кеңейтіп, қазақстандық экспортты қолдау құралдарының аясын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстандағы экспортқа бағытталған өндірістерге технологиялар мен жабдықтарды жеткізуге байланысты экспорттық кредиттерді қайта сақтандыру мәселесі де қаралды.
«Қайта сақтандыру — сақтандыру ұйымының тәуекелдерін басқарудағы аса маңызды құралдардың бірі. Бұл өз кезегінде ұсынылатын қолдаудың сенімділігін және компанияның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз қайта сақтандыру саласындағы әлемдік көшбасшы Swiss Re компаниясымен бірлесіп, сақтандыру сыйымдылығымызды жүйелі түрде арттырып келеміз. Swiss Re тарапынан көрсетілген сенім біздің андеррайтинг, тәуекел-менеджмент және стратегиялық жоспарлау жүйеміздің жоғары деңгейде екенін дәлелдейді. Swiss Re сынды жаһандық ауқымдағы серіктеспен тәуекелдерді қайта сақтандыру мүмкіндігі қазақстандық экспорттың дамуына тың серпін беріп, халықаралық интеграция үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді Аян Бектыбаева.
Өз кезегінде Магнус Нигш белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдіріп, ЭКА-ның жаңа өнімдеріне, атап айтқанда, кепілдік беру құралдарына қызығушылық танытты және өзара тиімді әріптестікті одан әрі кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
Айта кету керек, экспорттық операциялар бойынша кепілдік беру құралдары 2024 жылы Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің өнімдер қатарына енді.
Кепілдік беру құралдарына не кіреді?
-
экспорттық келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік;
-
аванстық төлемнің қайтарылуына кепілдік;
-
тендерлік кепілдік;
-
экспорттаушының міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету мақсатында банкке берілетін кепілдік.
Аталған құралдар қазақстандық экспортқа бағытталған тауарлар мен қызметтер өндірушілеріне халықаралық тендерлерге қатысуға және экспорттық әлеуеті жоғары елдердің нарықтарына шығуға жол ашады.