Экспорттық-кредиттік агенттік бизнестің жаһандық нарыққа шығуына қалай көмектеседі | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Экспорттық-кредиттік агенттік бизнестің жаһандық нарыққа шығуына қалай көмектеседі

Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ 2024 жылы 8,8 млрд теңге көлемінде рекордтық пайдаға қол жеткізіп, экспорттаушыларға көрсетілген қолдау көлемі 335 млрд теңгеден асты. Агенттік көрсетілетін қызметтер аясын белсенді түрде кеңейтуде. Осы және өзге де мәселелер жөнінде «Kursiv.media» басылымына берген сұхбатында Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі басқарма төрағасының орынбасары МАДИНА ЕРЖАНОВА әңгімелеп берді.

– Мадина Нұржанқызы, «KazakhExport» қайта құрылып, Экспорттық-кредиттік агенттікке айналғаннан бері бір жыл өтті. Осы уақыт ішінде қандай өзгерістер орын алды, қандай жетістіктерге қол жеткізілді және алдағы мақсаттар қандай?

– 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «KazakhExport» сақтандыру компаниясы толыққанды Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігіне (ЭКА) айналды. Бұл – халықаралық стандарттарға сай келетін Орталық Азиядағы алғашқы классикалық ЭКА. Агенттік шикізаттық емес экспортты сақтандыру, кепілдендіру, алдын ала және сауда-саттық қаржыландыру құралдары арқылы қолдайды.

ЭКА экспорттаушыларға, екінші деңгейлі банктер мен Қазақстанның Даму банкіне сыртқы сауда операциялары кезінде төлемеу тәуекелдерінен сақтандыру қорғанысын ұсынады. Біз экспорттаушыларға жаңа нарықтар табуға, шетелдік компаниялармен байланыс орнатуға көмектесеміз және контрагенттерді тегін тексереміз.

Агенттік мәртебесін алғаннан кейін біз кепілдік беру тетіктерін енгізіп, алдын ала және сауда қаржыландыру құралдарын едәуір кеңейттік, ал қайта сақтандыру көлемі 2,5 есеге артты.

2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,8 млрд теңге көлемінде рекордтық пайдаға қол жеткіздік. Экспорттаушыларға көрсетілген қолдау көлемі 335 млрд теңгеден асты. Алдын ала және экспорттық сауда қаржыландыру көлемі 30,2 млрд теңгеге жетті. ЭКА қолдауына 96 экспорттаушы ие болды, оның 15-і – жаңа клиенттер. 468 келісімшартқа қолдау көрсетілді. Негізгі экспорт өнімдері – азық-түлік, металл және агроөнеркәсіп кешені өнімдері. Сонымен қатар машина жасау, құрылыс материалдары, химия, шыны, парфюмерия-косметика және фармацевтика салаларының өнімдеріне де сұраныс жоғары.

ЭКА портфелі қазақстандық нарық талаптарына бейімделген және экспорттық келісімшарттың дайындалуынан бастап міндеттемелердің орындалуына дейінгі толық циклін қамтитын 20-дан астам өнімді қамтиды. Ең танымал қолдау құралдары – экспорттық несиелерді, қарыздарды және аккредитивтерді сақтандыру. Бұл құралдар өткізу нарықтарын кеңейтуге, өндірісті жаңғыртуға және айналым капиталын арттыруға мүмкіндік береді.

Мысалы, «Шин-Лайн» балмұздақ өндіру зауытының жаңғыртылуын, «ПримаКус» құс фабрикасының екінші кезеңінің құрылысын және «Лотте Рахат» кондитерлік фабрикасына көрсетілген сақтандыру қолдауын атап өтуге болады. ЭКА нарықты зерттей отырып, өнімдер тізімін отандық өндірушілердің қажеттіліктеріне бейімдейді.

– Агенттіктің алдағы жоспарлары қандай?

– Басты мақсаттарымыз – экспорттаушыларға көрсетілетін қолдау көлемін ұлғайту, цифрлық сервистерді дамыту және жаңа өнімдерді енгізу. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктермен бірге шағын бизнес үшін топтамалық сақтандыру өнімін әзірлеп жатырмыз. Бұл олардың қаржыландыруға қолжетімділігін арттырып, ЭКА қолдауымен қамтылатын ШОБ санын көбейтеді.

– Сіз атап өткен несие сақтандыруынан басқа қандай өнімдерге сұраныс артты?

– 2024 жылдың соңында біз кепілдік беру тетіктері бар бес жаңа өнімді енгіздік. Бұл қазақстандық компанияларға Өзбекстанда құрылыс жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Мысалы, алғашқы кепілдік «Банк ЦентрКредит» АҚ тарапынан Өзбекстанда байқауға қатысқан «ZTOWN Development» ЖШС-нің міндеттемелері бойынша берілді. Екінші кепілдік «Caspian Contractors Trust» ЖШС-ге Өзбекстанда инженерлік желілер құрылысын жүзеге асыру бойынша келісімшарт аясында берілді.

Гарантиялар қаржылық тәуекелдерді азайтып, қазақстандық кәсіпорындардың халықаралық сатып алуларға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Сондай-ақ дебиторлық берешекті, экспорттық несиелерді және аванс сақтандыруға сұраныстың едәуір өскенін атап өтуге болады. Бұл экспорттаушылар үшін ұсынылатын тиімді сыйақы мөлшерлемесімен (теңгемен 12,6%) байланысты.

– ЭКА қолдауы қандай нарықтарға бағытталған?

– Басты басымдық – дәстүрлі экспорттық нарықтарды сақтау және жаңа нарықтарды игеру. Негізгі бағыт – Орталық Азия, себебі бұл өңір логистикалық жағынан қолжетімді, сондай-ақ азық-түлік пен металлургия өнімдеріне сұраныс жоғары. Ауғанстанмен сауда белсенділігі артып келеді, Қытай нарығы да зор әлеуетке ие. Еуропа елдері қазақстандық экологиялық таза өнімдердің тұтынушылары болып отыр.

«Бәйтерек» холдингінің өңдеуші секторды қолдау жөніндегі міндеті аясында ЭКА 2025 жылы экспорттаушыларды қолдау көлемін екі есе арттырып, 600 млрд теңгеге жеткізу үшін ағымдағы жылы сақтандыру сыйымдылығын 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға ниетті. Бұл ірі жобаларды қаржыландыруға жол ашады.

– ЭКА бизнес өкілдерінен кері байланыс алып тұра ма? Цифрлық шешімдер қаншалықты тиімді болды?

– Иә, біз экспорттаушылармен тұрақты байланыстамыз, түрлі іс-шараларға қатысып, өңірлерге шығамыз. Онда біз қолдау құралдарын түсіндіреміз.

Бұдан бөлек, клиенттермен жұмысты жеңілдету мақсатында «Экспорттаушының жеке кабинетін» іске қостық. Бұл – өтінім беруден бастап келісімшартқа қол қоюға дейінгі толық цифрлық процесс. Ол өтінімдерді өңдеуді едәуір жеделдетіп, ашықтық пен тиімділікті арттырады.

Онлайн-өтініштерді енгізу арқылы экспорттаушылар өз өтінішінің статусын нақты уақыт режимінде бақылай алады.

Отандық бизнесті белсенді ынтымақтастыққа шақырамын. Біз әрқашан ашықпыз және қазақстандық экспорттық жобаларды қолдауға дайынбыз.

Дереккөз: https://kz.kursiv.media/2025-05-12/kazakhexport/?utm_campaign=endless_feed

chat Кеңес ал!