Шанхайда Қазақстанның экспорттық жобалары таныстырылды
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ VII Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесіне (China International Import Expo) қатысты.
CIIE – Қытайдағы ең ірі сауда жәрмеңкелерінің бірі. Іс-шара сауда байланысы және әлемдік өндірушілер мен қытайлық сатып алушылар арасындағы тікелей диалогқа қажет байланыс платформаларын нығайтуға көмектеседі.
Аумағы 420 мың шаршы метр болған көрмеде 400-ден астам жаңа өнім, технологиялар мен озық секторлардағы қызметтер, атап айтқанда, жоғары технологиялық жабдықтар, заманауи материалдар мен теңіз машина жасау өнімдері болды.
Биылғы көрмеде Қазақстан павильоны коммерциялық және ұлттық болып екіге бөлінді. Ұлттық стенд трансшекаралық сауданы дамытуға, инвестиция тартуға және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастыққа бағытталған цифрландыру және инфрақұрылым саласындағы жетістіктерді көрсетсе, коммерциялық стендте 50 отандық өндіруші жұмысы көрсетілді. Олардың қатарында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі қолдаған жобалар да бар.
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Халықаралық ынтымақтастық департаменті директоры Армана Бекбасованың айтуынша, отандық экспорттаушылар үшін Қытай нарығының маңызы зор.
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Осы тұста төлем шарттарын оңтайландыру, тәуекелдерді сақтандыру және қытайлық компаниялармен бірлескен жобаларды қаржыландыру мәселелеріне ерекеше көңіл бөлген жөн. Бұл шешімдер тек Қытай нарығы үшін ғана емес, сондай-ақ өзге де экспорттық бағыттар үшін ұтымды болып қала бермек»», - деді ол.
Айта кетейік, Агенттіктің қазақстандық экспорттаушыларды қолдау көлемі 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 188,2 миллиард теңгеге жетті. 2023 жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда қолдау көлемі 3,5 есе өсті. Бірінші жартыжылдықта қарастырылған экспорт алдындағы және экспорттық сауданы қаржыландыру көлемі 22,3 миллиард теңге болды.