KazakhExport және Turk Eximbank экспорт дамыту бағытында тәжірибе алмасты | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

KazakhExport және Turk Eximbank экспорт дамыту бағытында тәжірибе алмасты

«KazakhExport» ЭСК» АҚ делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында әлемнің жетекші экспорт-кредит агенттіктерінің бірі – Turk Eximbank бас кеңсесіне жұмыс сапарымен барды.   

Сапар барысында бірқатар кездесу мен семинар өтті, онда экспортты қолдаудың түрлі аспектісі талқыға түсті. Жиында мынадай тақырыптар қозғалды:

  • Бизнес-процесті автоматтандыру
  • Экспорт мәмілелері кезіндегі комплаенс жұмысы
  • Экспорт келісімшартын жүргізу кезінде тәуекелдерді басқару жолдары
  • Халықаралық контркепілдіктер
  • Экспорт-несие кепілдіктері
  • Импорттаушыны қаржыландыру
  • Тәуелсіз кепілдіктері бар жобаларды қаржыландыру
  • Қысқамерзімді және ұзақмерзімді экспорт несиелері
  • Сақтандыру жағдайлары және өтемақы

Turk Eximbank өкілдері KazakhExport делегациясымен экспорттаушыларды қолдау, оның ішінде инвестицияларды сақтандыру және экспорт мәмілелеріне кепілдік беру тетіктерін бөлісті.

Қос тарап іс-шараның ЭКА арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл, қолдау жүйесін жетілдіру және екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынасты дамыту үшін маңызды екенін атап өтті. Кездесу соңында қатысушылар негізгі бағыттар бойынша халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Меморандум жасасуға келісті.

Айта кетейік, KazakhExport шикізат емес экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператор ретінде шетелдің ірі экспорт-кредит агенттіктермен байланыс орнатуды күшейтеді.

Бүгінде KazakhExport экспорт-кредит агенттігін болып, қайта құрылуға дайындалып жатыр. Бұл туралы тиісті заңға Мемлекет басшысы 2024 жылдың 23 қаңтарында қол қойды. Заң жобасына сәйкес, экспорт-кредит агенттігі шикізат емес экспортты дамыту бойынша арнайы мәртебеге ие болады.

Анықтама:

Turk Eximbank – экспортты қолдау қызметтерінің кең түрін ұсынатын Түркияның экспорт- кредит агенттігі. Компания экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру, кепілдіктер, қаржыландыру, консалтинг және ақпараттық қолдау бойынша қызмет көрсетеді.