Жаңа нарық мүмкіндіктері: Қазақстан Бенилюкспен сауда байланысын нығайтпақ | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Жаңа нарық мүмкіндіктері: Қазақстан Бенилюкспен сауда байланысын нығайтпақ

Астанада Қазақстан-Бенилюкс сауда келіссөздері форматындағы алғашқы кездесу өтті. Іс-шараға KazakhExport Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Армана Бекбасова атсалысты. Қатысушылар қатарында Бенилюкс Сауда палатасының өкілдері, Бельгия және Нидерланды елшілері, сондай-ақ бизнес-сектор өкілдері, Назарбаев Университеті зерттеушілері мен ғалымдары және QazTrade болды.

Іс-шараның мақсаты — Қазақстан мен ЕО елдері, оның ішінде Бенилюкс арасындағы тауар айналымы нәтижелерін талқылау, сондай-ақ сауда және инвестиция мүмкіндіктерін қарастыру.

Бенилюкс Сауда палатасының президенті Ван ден Вейх Денистің сөзінше, Қазақстан – Орталық Азия өңірінің экономикалық көшбасшысы, әлемдік бизнестегі маңызды «ойыншы». 2015 жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған еді. Келісім екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, экспорт-импорт тасымалын арттырды.

Панельдік сессия барысында Армана Бекбасова KazakhExport қаржы және сақтандыру механизмдерін пайдалана отырып, Қазақстан мен Бенилюкс арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Қазақстандық сарапшылар ұсынған ақпарат жиынға қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Олар Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту, отандық кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнату, бірлескен кәсіпорындар құру туралы ұсыныстар білдірді.

Армана Бекбасованың айтуынша, Қазақстанның сауда ісін кеңейту үшін мүмкіндігі зор және ол үшін қажетті ресурсы жеткілікті.

«Біз Бенилюкс елдеріне отандық өнімдер экспортын күшейту үшін KazakhExport құралдарын пайдалануға дайынбыз. Мақсатымыз – бизнес-қоғамдастық үшін неғұрлым қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау, сауда-экономикалық байланысты жаңа әрі сапалы деңгейге шығару. Орта дәліз бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды ескере отырып, металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс өнімдері және фармацевтика сияқты салалар бойынша сауда көлемін арттыратын мүмкіндіктерді байқап отырмыз», –  деді ол.

Қорытындылай келе, жиынға қатысушылар Бенилюкс аймағы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамыту үшін сауда нарығын әртараптандыру қажет деген қорытындыға келді. Бұл экспорттың дамуына үлес қосып, барлық тарапқа пайда әкеледі деген болжам бар.

Қазақстан Бенилюкс елдерімен әріптестікті күшейтуге ниет білдіреді. Сондай-ақ тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаңа өндірістерді дамыту мақсатында технология, ғылыми-зерттеу және инновациялар саласында ынтымақтастыққа дайын.