Отандық экспорттаушыларға қандай жағдай жасалады? | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

Отандық экспорттаушыларға қандай жағдай жасалады?

Қазақстанда отандық кәсіпкерлердің сыртқы нарықтағы мүддесін қорғап, қаржылық қолдау көрсететін, сондай-ақ шетелдік сауда ұйымдарымен тікелей байланыс орнататын толыққанды Экспорт-кредит агенттігі құрылатын болды. Бұл туралы Президент қабылдауында болған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ

Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінде экспорт-кредит агенттігі мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу және шикізат емес тауарлардың экспортын дамыту туралы» Заң жобасы талқыға түсіп, Мәжіліс қарауына өтті.

Кез келген мемлекеттің экономикасын алға сүйрейтін негізгі басымдықтардың бірі экспорт қызметі екені белгілі. Оның ішінде шикізат емес тауарлардың сыртқы айналымдағы үлесін атап өту керек. Шағын және орта бизнес ұлттық экономиканың маңызды драйвері екенін ескерсек, олардың экспортқа шығып, сауда көлемін арттыруы – жан-жақты даму көрсеткіші. Бүгінде тауарларын экспортқа шығаратын компаниялар үшін ең басты кедергі қаржы тапшылығы болып отыр. Осы ретте Экспорт-кредит агенттігінің маңызы мен қажеттілігі айқын байқалады.

«KazakhExport» ЭСК» АҚ Басқарма төрағасы Аслан Калигазинның айтуынша, отандық бизнес, оның ішінде экспорттаушылар қызметіне қатысты заң нормаларына нақты өзгерістер қажет.

Агенттік шикізат емес экспортты дамыту және оның көлемін арттыру бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл мақсатта ЭКА мәртебесі біздің компанияға сақтандыру, қайта сақтандыру, кепіл болу, экспорт саудасын қаржыландыру, экспорттаушылар шығындарының бір бөлігін өтеу, сонымен қатар сервис бойынша бастан-аяқ қолдау көрсету мүмкіндігін ұсынады, – дейді компания басшысы.

Экспорт-кредит агенттігі қызметі аясында шетел нарығы тереңірек талданады, сондай-ақ олардың қандай тауарға мұқтаж екені жүйелі сарапталады. Мұның нәтижесінде экспорт бизнесіндегі төлем мүмкіндігі жоғары елдермен тұрақты байланыс орнатылады.

ЭКА шикізат емес өнімді экспорттаушылар, қазақстандық тауарларды өндірушілер, шағын, орта және ірі бизнес өкілдерімен жұмыс істейтін болады. Айта кету керек, Агенттік қызметі ерікті негізде көрсетіледі, яғни экспорттаушылар үшін ЭКА құралдарын пайдалану қазіргідей міндеттелмейді. Агенттік тек экспорттаушыларды қолдау үшін нақты ұсыныстар білдіретін болады. Бұл бизнес пен агенттік арасындағы қарым-қатынасты мейлінше тиімді етеді.

Қаржы-сақтандыру құралдарын қолдану сатушы мен сатып алушының экспорттық-импорттық саудасын едәуір арттырады. ЭКА көмегімен қос тарап сыртқы кепілдікке ие болады. Бұл дегеніміз қаражат аударылымының уақытылы жүзеге асатынын білдіреді. Оның нәтижесінде болуы мүмкін проблемалардың жолы кесіледі, - дейді «KazakhExport» ЭСК» АҚ Басқарма төрағасы Аслан Қалигазин.

Сонымен қатар ұлттық компания басшысы трансформация алдындағы жоспарларын бөлісті:

Отандық банктердің шетелдік әріптестер үшін ұсынатын қаржыландыру бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасын іске қосу ойда бар. Бағдарлама қазақстандық жоғары технологиялық тауарлар мен қызметтерді сатып алу бойынша ғана жұмыс істейтінін білдіргім келеді. Дәл осы қадам экспорттаушыларымыздың сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болуын, клиент базасының артуын, одан бөлек өз өнімдеріміздің сапасы мен көлемін арттыруды көздейді, - деді ол.

Дереккөз: baq.kz