KazakhExport компаниясы негізінде заманауи экспорт-кредиттік агенттік құрылмақ | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

KazakhExport компаниясы негізінде заманауи экспорт-кредиттік агенттік құрылмақ

Экспортты қаржылық қолдаудың бірыңғай операторы «KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ-на арнайы құқықтық мәртебе берілмек. Мәжілісте біріші оқылымда мақұлданған заң жобасы оператор үшін реттеушілік режимді қалыптастыруды қамтиды.

Компаия негізінде Заманауи экспорттық-кредиттік агенттік (ЭКА) құруды жоспарлап отыр. Агенттік мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам болады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын заң жобасы қорытындысы депутат Нұртай Сабильянов таныстырды.

«Заң жобасы экспорттық-кредиттік агенттіктің арнайы құқықтық мәртебесін құруға бағытталған, ол шикізаттық емес экспортты қаржылық қолдау мен дамытудың негізгі шараларын біріктіруге мүмкіндік береді», дейді депутат.

Заң жобасында экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі арқылы іске асырылатын шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету жөніндегі шараларды қамтамасыз ету, шикізаттық емес экспортты ұлттық қолдаудың тиімділігін арттыру үшін бірқатар заңға өзгеріс енгізу ұсынылады.

Оның мақсаты – отандық экспорттаушыларды қаржылық қолдау және шикізаттық емес экспортты дамыту. ЭКА-ға нақты функцияларды, мысалы, сақтандыру, қайта сақтандыру, экспорттық операцияларды кепілдендіру және қаржыландыру, сондай-ақ экспорттаушыларды сервистік қолдаудың жекелеген шаралары берілмек.

Экспорттық-кредиттік агенттік құру 2025 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің ресурстық емес экспортының көлемін 41 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту, сондай-ақ операциялық қызметке араласпай-ақ Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға ЭКА есеп беру және бақылауда болу механизмдерін құру мүмкіндіктерін береді.

Сабильяновтың айтуынша, жұмыс тобына 50-ден астам түзету келіп түсіп, олар жұмыс тобының отырыстарында, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы АҚ, «Атамекен» Қазақстан Республикасының  ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктер мен сараптама ұйымдары өкілдерінің қатысуымен комитеттің кеңейтілген отырысында қаралған.

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ – экспорттық-кредиттік агенттік  функцияларын жүзеге асыратын даму институты. KazakhExport-тың жалғыз акционері – «Бәйтерек Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ. 

Дереккөз: kz.kursiv.media