Өңірлік экспорттық кеңесте Алматы экспорты талқыланды | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

Өңірлік экспорттық кеңесте Алматы экспорты талқыланды

Іс-шараға сауда және интеграция Вице-министрі Қайрат Төребаев, "QazTrade" АҚ Бас директоры Нұралы Бөкейханов, Алматыдағы KazakhExport өкілдігі директорының орынбасары Алмас Қалқаев, "Атамекен" ҰКП, мемлекеттік ұйымдар мен экспортқа бағдарланған компаниялардың өкілдері қатысты. 

Кездесуде спикерлер кәсіпкерлерге шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды.

«Алматы қаласы айтарлықтай экспорттық әлеуетке ие және экспорттаушылар саны ең көп өңір болып табылады – 21 %. Бұл көрсеткіш ЖӨӨ-нің жоғары болуына (жан басына шаққандағы ЖӨӨ бойынша 2 – орын), халық санының көптігіне және бизнес субъектілерінің көп шоғырлануына байланысты», – деп атап өтті Қайрат Төребаев өз сөзінде.

Алматыда машина жасау, химия, АӨК, металлургия және басқа да салалардың ірі және орта кәсіпорындары жұмыс істейді. Өткен жылы өңірдің өңделген өнімінің тауар айналымы 43,1%-ға артып, 25 млрд долларға жетті. Шикізаттық емес экспорт айтарлықтай өсті – 74,3%-ға, 4 млрд доллардан асты.

Нұралы Бөкейхановтың айтуынша, қала экспорттаушылары мемлекеттік қолдау құралдарын белсенді пайдалануда.

«2022 жылы 47 компания Экспорттық акселерация бағдарламасының қатысушылары, 7 компания Alibaba-ның алтын аккаунтының иегерлері атанды, сондай-ақ 17 кәсіпорын 606 млн теңгеге тауарларды жеткізу және ілгерілету шығындарын өтеді. Алматы экспорттаушылары өз өнімдерін негізінен Ресей, Қытай, Польша, Қырғызстан Өзбекстан және Түрікменстан нарықтарына сатты», – деді «QazTrade» басшысы.

Негізгі экспорттық тауарлардың қатарына сутегі, инертті газдар және басқа металл еместер, жеңіл автомобильдер, мыс және мыс катодтары, есептеу машиналары, легирленбеген болаттан жасалған жартылай фабрикаттар жатады.

Кеңес отырысында кәсіпкерлер шетелдік нарықтарға шығу кезінде кездесетін қиындықтар туралы айтып берді. Өз кезегінде спикерлер проблемалық мәселелерді шешу жолдарын ұсынып, өз пікірлерін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, KazakhExport негізгі қызметі аясында өңдеуші сектордың экспорттаушы кәсіпорындарына қаржылық-сақтандыру қолдауын ұсынады және экспорттық мәмілелердің қауіпсіздігіне кепілдік береді.