ҚР үшін экспорттағы өңдеуші сектордың үлесін арттыру маңызды | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

ҚР үшін экспорттағы өңдеуші сектордың үлесін арттыру маңызды

Қазақстанға экономикасы ұқсас мемлекеттермен сәйкестендіру қажет. Бұл туралы "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Мұқажанов Қазақстанның дамыған елдермен бір қатарға қалай тұруы керектігі туралы сұраққа жауап бере отырып, Еркін Үдербайдың "Здравое [Со]мнение" атты подкастының шығарылымында айтты.

Компания басшысының орынбасары еліміздің аумағы үлкен, шикізаты көп, бірақ халқы аз екенін атап өтті. "Халықтың төмен тығыздығы - нарығымыздың үлкен емес екендігін білдіреді. Егер ұқсас экономикалар туралы айтатын болсақ, мысалы, Австралияны алуға болады. Елде небәрі 26 миллион адам және аумағы үлкен. Алайда, ел шикізатқа тәуелділіктен алшақтап, дамыған елдер қатарына қосылды, себебі ол экспортта қосылған құны жоғары тауарлардың үлесін арттыруға тырысты.  Олар мұнай-химия өнеркәсібі, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы сияқты салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Егер көптеген араб елдеріне баратын болсақ, ондағы ет өнімдері, атап айтқанда қой еті Австралиядан келетінін көреміз. Біз әйгілі австралиялық брендтерді білмеуіміз мүмкін, алайда бұл елдің өңдеу секторының өнімдері бүкіл әлемде сатылады", - деді Қуаныш Мұқажанов.

Тағы бір мысал ретінде ол Канаданың тәжірибесін келтірді, оның да аумағы үлкен және халық тығыздығы төмен. Алайда, бұл жағдайлар оның экономикасы дамыған мемлекет болуына кедергі болмады. Мысалы, ел жылына 2 миллионға жуық автокөлік сатады.

"Сондықтан баға өсімінің, девальвацияның және басқа да күйзелістердің әсерін болдырмау үшін мұндай экономикалар өңдеуші сектордың экспорттағы үлесін арттыруға тырысады. Қазақстанға бұған ұмтылу маңызды", - деп атап өтті "KazakhExport" Басқарма төрағасының орынбасары.

Қазақстандық экспорттаушыларға көрсетілетін көмек көлемі туралы айта келе, ол "KazakhExport" тарабынан экспорттаушыларға қолдау көрсетудің мультипликативтік әсерін атап өтті.  

"Біз тәуекелдерді өз мойнымызға алған кезде экспорттаушы шетелдік сатып алушыны KazakhExport көмегімен тексеріп, сондай-ақ біздің сақтандырумен бірінші партияны жеткізе отырып, біздің қатысуымызсыз әрі қарай экспорттауды жалғастыра береді. Осылайша, біздің қолдау құралдарымыздың қазіргі әрбір бір теңгесіне шаққанда болашақта экспорт 100 теңгеге және одан да артық сомаға жүзеге асырылады", - деді Қуаныш Мұқажанов, өткен жылы "KazakhExport" 200 млрд теңгеден астам міндеттеме қабылдағанын атап өтті.