ҚР Премьер-Министрі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді 2022 жыл | Компания жаңалықтары | Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі

Компания жаңалықтары

ҚР Премьер-Министрі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді 2022 жыл

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің сырттай отырысы өтті.
Отырыс шеңберінде Директорлар кеңесі 2021 жылғы Жылдық есепті, Холдингтің 2022 жылға арналған түзетілген жылдық бюджетін және 2019-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. 2021 жылы Холдингтің шоғырландырылған активтері 45%-ға артып, 9 трлн 870 млрд теңгені құрады. Бұл ретте, «Бәйтерек» холдингі тобының таза пайдасы 111 млрд. теңгені құрады, яғни 2020 жылмен салыстырғанда 38 млрд. теңгеге ұлғайды. Кредиттік және инвестициялық портфельдердің үлесі 73,6%-ды құрады. 1 трлн 235 млрд теңге сомасына ипотекалық кредиттер берілді, бұл республика бойынша ипотекалық кредиттердің жалпы көлемінің 66%-ы.
Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінің жобаларын жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру мақсатында, Холдингтің Директорлар кеңесі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ны капиталдандыру үшін 50 000 000 қарапайым акцияны орналастыру туралы шешім қабылдады.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 52-тармағын орындау шеңберінде және Холдингтің портфельдік компанияларын қысқарту мақсатында, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ орналастыратын қарапайым акциялар үшін төлем ретінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның 100%
акциясын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның иеліктен шығаруы туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, іскерлік әдеп қағидаттарын сақтау, әлеуметтік-еңбек дауларын оңтайлы реттеу үшін Директорлар кеңесі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Омбудсмені ретінде А.Қ. Жұмағалиевті екі жыл мерзімге тағайындады.