«Бәйтерек» Сауд Арабиясы үшін сенімді серіктес бола алады – Қанат Шарлапаев | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

«Бәйтерек» Сауд Арабиясы үшін сенімді серіктес бола алады – Қанат Шарлапаев

Джидда қаласында «Қазақстан – Сауд Арабиясы» инвестициялық дөңгелек үстел отырысы өтті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясына ресми сапары аясында өткен бизнес-кездесу барысында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев сөз сөйлеп, холдинг жұмысын және оның ел экономикасындағы рөлін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қанат Шарлапаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясына бірінші сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретініне, сонымен қатар Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан ары нығайту жолында маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Басқарма төрағасы холдинг қызметі жайында айтып, оның Қазақстан экономикасындағы рөліне тоқталды. «Бәйтерек» Қазақстан Үкіметінің басты секторлардағы ел экономикасына қолдау білдіретін негізгі даму институты әрі қаржы агенті екендігін атап өтті.
Оның айтуынша, холдингтің жиынтық активі 22 млрд долларды құрайды. Ал капиталы 3,7 млрд долларды құрап отыр. Холдингтің және оның 8 портфельдік компаниясының стратегиялық бағыты индустриялық-инновациялық даму, отандық өнім экспортын ілгерілету, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, АӨК-ті дамыту және тұрғын үй құрылыс саласы саналады.
Қанат Шарлапаев холдинг «жасыл» қаржыландыруды дамытуға да ерекше назар аударатынын атап өтті. Мәселен, бүгінде бірқатар «жасыл» жобаға 700 млн доллардан астам қаржы жұмсалды.
Ол Сауд Арабиясы кәсіпкерлерін «Бәйтерек» холдингімен бірге Қазақстанда жаңаратын энергия көздеріне қатысты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Өйткені, Сауд Арабиясының бұл бағытта мол тәжірибесі бар.
«Бәйтерек» холдингінің төрағасы сөзін қорытындылай келе, геосаяси айқынсыздық орын алып отырған қазіргі әлемде сенімді серіктестің болуы ұзақ мерзімді тұрақты табыстың кепілі болатындығына назар аудартты. Сонымен қатар холдинг Қазақстанда бизнес жүргізуге мүдделілік танытатын сауд компаниялары үшін сенімді серіктес бола алатынын баса айтты.
Қанат Шарлапаев Сауд-Қазақстан инвестициялық «дөңгелек үстеліне» қатысушыларды «Бәйтерек» холдингі Сауд Арабиясы корольдігі мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту үшін бар күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.
Материал inform.kz сайтынан алынған.