Қанат Шарлапаев «Бәйтерек» холдингі қолдау көрсеткен Қостанай облысындағы инвестициялық жобалармен танысты | Компания жаңалықтары | «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы

Компания жаңалықтары

Қанат Шарлапаев «Бәйтерек» холдингі қолдау көрсеткен Қостанай облысындағы инвестициялық жобалармен танысты

2022 жылғы 10-11 маусымда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Холдинг басшысы «Бәйтерек» холдингі қолдау көрсеткен өңірдегі инвестициялық жобалармен танысты.

Сапар барысында Қанат Шарлапаев Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, Холдинг компаниялары тобы мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастықты талқылады.

Қостанай облысы – Қазақстанның ірі индустриялық-аграрлық өңірі. Индустриялық жобаларды, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді және құрылыс саласын қолдау арқылы өңірдің экономикасын дамытуға «Бәйтерек» холдингінің барлық еншілес ұйымдары қатысады.

Мәселен, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) алты жобаға қызмет көрсетуде, ал тағы екі жоба қаралуда.

Соңғы алты жыл ішінде «KazakhExport» АҚ жергілікті 14 экспорттаушыға 97,2 млрд теңгеге сақтандыру қолдауын көрсетті.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы өңірдегі шағын және орта бизнеске де қолдау көрсетіледі. Нақты айтқанда, 2021 жылы жалпы сомасы 59,5 млрд.теңгеге 1 837 жоба қолдау тапты.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК) желісі бойынша 2009 жылдан бастап Қостанай облысында жалпы құны 20,5 млрд теңге болатын 21 инвестициялық жоба іске асырылды, қаржыландыру сомасы 17,3 млрд теңгені құрады, 470 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ 18,9 млрд теңге болатын 637 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын лизингке сатып алуды қаржыландырды.

«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК) желісі бойынша және «Отбасы банк» АҚ бағдарламалары арқылы тұрғын үй саласына қолдау көрсетілуде. 

Лизингтік қаржыландыру рәсімдерін жеделдету, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын жасау мүмкіндігі, «портфельдік субсидиялау және кепілдік беру» шеңберінде кредит беру мерзімін ұлғайту туралы, сондай-ақ «Даму» қорының өңірлік жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасына қатысуына қатысты әкімдіктің ұсыныстары өңір басшысымен кездесу барысында айтылды.

Сапар барысында Холдинг басшысы ҚДБ мен оның еншілес ұйымы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдау көрсеткен Қостанай қаласының индустриялық аймағындағы төрт жобаның іске асырылу барысымен танысты. Атап айтсақ, «KamLitKZ» ЖШС-нің екі жобасы – шойын құю зауытының және жүк техникасына арналған жетекші белдіктердің басты берілістерін шығаратын зауыттың құрылысы. Бұдан басқа, осы өңірде «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жеңіл автомобильдер өндірісін, ал «АгромашХолдинг KZ» АҚ ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын оқшаулау орталығын құруда.

- Қостанай облысы еліміздің машина жасау саласындағы көшбасшы болып табылады. Мұнда жүзеге асырылып жатқан жобалар техника мен қосалқы бөлшектерге деген ішкі сұранысты қанағаттандыру, отандық өндірісті ұлғайту үшін қажет. Мысалы, оқшаулау орталығы – бұл отандық ауылшаруашылық техникаларын өндіретін қажетті әрі айрықша жоба. Цехтарда еліміздің барлық өндірушілері үшін бөлшектер мен тораптар шығарылмақшы. Сонымен қатар, кешенде оқу орталығы, 100 орындық жатақхана және барлық қажетті инфрақұрылым болады, - деп атап өтті Қанат Шарлапаев.  

Жүк техникасына арналған жетекші белдіктердің басты берілістерін шығаратын зауытқа барған кезде Қанат Шарлапаев «КАМАЗ» ЖАҚ Бас директорының бірінші орынбасары – Атқарушы директор Юрий Герасимовпен келіссөздер жүргізді.

Айта кететіні, «Бәйтерек» холдингі өңірдегі металлургия өнеркәсібін де қолдайды. Осы орайда, Қанат Шарлапаев «Евраз Каспиан Сталь» ЖШС-нің ұсақ сұрыпты ыстықтай иленген прокат (болат арматура) шығаратын зауытына барды, оның құрылысын ҚДБ қаржыландырған.  Бүгінде кәсіпорын жаңа өткізу нарықтарын ашу үшін KazakhExport ұсынып отырған саудалық қаржыландыру құралын пайдалануға ниетті.

Сонымен қатар, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарының қолдауына ие болған екі кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарады. Бұл – «Терра» ЖШС бордақылау алаңы және «Бест Қостанай» ЖШС ұн тарту кәсіпорны. «Терра» жобасына АНК қолдау көрсеткен, ал ұн тартатын кәсіпорын ҚДБ-ның экспорт алдындағы қаржыландыруына үміттеніп отыр.

Жалпы, жұмыс сапары ойдағыдай өтті. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, «Бәйтерек» холдингі өзара тиімді іс-қимылды дамытып, жобалардың экспорттық әлеуетін жаңғыртуды және кеңейтуді көздейді, сондай-ақ өңірлердің ұсыныстарын елеусіз қалдырмай, әрдайым қолдайды.

 - Біздің міндетіміз – ірі қалалармен кооперацияны жолға қойып қана қоймай, өңірлермен де жұмыс жүргізу. Жобалардың құрылысына мемлекет бөлген қаражат қалай пайдаланылуда екенін және жергілікті жерлерде жағдай қалай өрбіп жатқанын білу үшін өзіміз барып, нақты көргеніміз дұрыс. Біз өз клиенттерімізбен, Қазақстанда бизнесін жүргізіп жатқан адамдармен тікелей диалогқа шығуымыз керек, - деп түйіндеді ол.

Холдинг делегациясының құрамында Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Искаков, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров болды.

Фотоға түсірген Сергей Миронов («Костанайский вестник») және Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Материал Бәйтерек сайтынан алынған.